Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Біз білмеген Головкин

Ешқашан бокс саласында бизнес ашамын деп ойлаған емеспін. Бірақ тағдырдың жазғаны болар, қазіргі таңда осы саланың дамуына ат салысып жүрмін. Көптеген адам боксқа қызыға бермейтіні рас, екі жыл алдын менде солардың қатарында едім. Қазіргі күні спорттың осы түріне халықтың қызығушылығын арттырып жүрген бірден-бір боксшы - ол, әрине, Геннадий Головкин. Оның Қарағанды облысынан шыққанын, еліміздің танымал бұзық аудандардың бірі Майқұдықта өскенін, керемет боксшы, өте қарапайым адам екенін білеміз.
Өткен аптада Қарағандыға іссапар бойынша жол тарттым. Қуанышыма орай, қасыма бұрын бокспен айналысқан, қазір жаттықтырушы болып жүрген Төлеш деген жігіт отырды. Онымен біраз әңгімелесіп, ортақ таныстарымыздың да бар екені анықталды. Ең қызығы, Төлеш кезінде Геннадий Головкинмен бірге ұлттық құрамада жаттыққан екен. Оны естіген мен қызығушылықпен Гена жайлы оқиғалар айтып беруін өтіндім. Қасымыздағы басқа адамдар да бізге қарай жақындап, құлағын салып тыңдай бастады. Ал, сіздер де құлақтарыңызды түріңіз.

Біз білмеген Головкин

 

Бірінші оқиға

2002 жылы Германияда бокстан «А» класындағы турнир ұйымдастырылған. Сол жарысқа біздің ұлттық бокс құрамасы да барды. Бірнеше күнге созылған турнирде нағыз бокс шоуын Геннадий Головкин көрсеткен болатын. Қазір барлығы «Головкин, Головкин» деп мақтап жүр ғой, бірақ оның талантты боксшы екенін батыстың боксшылары сол кезде-ақ мойындай бастады. Айтсам сенбейтін шығарсың, бірақ турнирден соң Генаның қасына ағайынды Кличколар, кәсіпқой боксшы Абрахам келіп «сен болашақ чемпионсың, нағыз талантсың» деп мақтап кетті. Головкин боксқа түседі десе, асығып рингтің жанына отырып алатынбыз, оның бокс техникасы керемет еді. Қазір ойлап қарасам, Головкиннің дайындалу тактикасы да өзгеше болатын. Себебі біз жарыс алдында өзімізді аямай, бар күшімізді салып үзіліссіз дайындалып жатсақ, ол деген құлағына музыка салып алып отыратын. Бірақ уақыты келгенде барлық күшін салып жаттығып жататын. Ринг сыртында Геннадий өте қарапайым жігіт еді, бірақ рингке кіргенде жаңағы жуас жігітіміз нағыз арыстанға айналатын. Енді ойласам, ол керек уақытында демалып, қажет уақытында бар күшін салу керектігін біледі екен ғой. Қандай да спорт түрі болмасын, тез үйреніп, жақсы меңгеріп алатын. Жаттығу барысында бапкерлеріміз бізге футбол, баскетбол ойнататын, сол кезде оның дарынды екенін байқайтынмын.

Екінші оқиға

Біз жаттыққан уақытта боксшыларға қазіргідей жағдай жасалынбаған еді, отбасылары барларға тіпті қиын болатын. Шынымды айтсам, боксқа отбасымды бағу үшін келген едім, ол кезде жарыстарды ұтсаң теледидар, магнитофон сияқты электроника заттары берілетін. Соларды сатып күн көретінбіз. Бір уақыттары қаржы жетіспей, тамаққа ақша таба алмаған кезде Генаның көмекке келгенін ешқашан ұмытпаймын. Ол жарайды ғой, 2004 немесе 2005 жылы түннің бір уақытында араласып жүрген бір боксшы жігіт Алматыдан қоңырау шалып тұр. "Жігіттер, көмектеспесеңдер болмайды, мені полиция қамап қойды", - дейді. Ол кезде бір-бірімзге қиын жағдайда көмектесуге дайын болатынбыз. Өкінішке орай, мен Атырауда жүргенмін. Алматыда жәрдем ұшын соза алатын ешкімді таба алмадық, кейін ол жігіт шығыпты. Қоңырау шалып, қал-жағдайын біліп, қалай шықтың деп сұрасам, Гена Головкин келіп шығарып алды дейді. Ол болмағанда түрмеде жата беретінін айтты. Қазіргі кезде сол жігіт жаттықтырушы болып жұмыс жасайды, екі баласы бар. Әр кездескен сайын Головкиннің жақсылығын айтып, өміріне қатты әсер еткенін есіне алып отырады.
Қазіргі бокспен жаттығып жатқан жастардың көбісі Геннадий сияқты кәсіби бокспен шұғылданып, өз бақтарын сынағысы келеді. Қиын еңбек екенін көбісі біле бермейді, көп боксшы қазіргі Генаның істеп жүргеніне шыдай алмас еді. Алдыңғы арба болу әрқашан қиын, бірақ оның арқасында біздің боксшыларымыз үшін кәсіби боксқа жол ашылды. Кеше Қарағандыға келген Рой Джонстың өзі Головкиннің жетістіктерінен кейін ғана Қазақстан жайлы біле бастағанын айтқан болатын. Көк туды желбірететін Геннадий Головкин сияқты азаматтар көбейе берсін елімізде.   
Геннадий Головкинмен таныс адамдардың барлығы ол туралы тек жақсы нәрселер айтады. Болашақта да Головкинді жаңа жақтарынан танитындай қызықты оқиғалар естимін деген үміттемін. Мұндай азаматтардың жақсылығын халқымыз білу керек деп санаймын.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: