«Қайсар» футбол клубының қосалқы командасы «Атыраудың» дубльдік құрамымен кездесіп, 0:0 есебімен тең тарқасты. "Атырау" жастары дубльдік командалар арасындағы доп додасында әлі күнге дейін бірде-бір мәрте жеңіліс таппай, көш басында келе жатқанын айта кеткен жөн. Сондықтан бұл кездесу біздің жастар үшін оңайға соқпағаны анық.
Команданың біраз белді ойыншылары «Байқоңыр» сапына ауысып, «Қайсар» дублінде кілең жасөспірімдер қалды. Дегенмен, үлкен футболға енді ғана аяқ басқанына қарамастан бұл жасөспірімдер де жасытқан жоқ. Бірінші таймда ойын тізгіні толығымен Қанат Шерімбетов шәкірттерінің қолында болды. Самат Балымбетов пен Тұрарбек Қуанышбековтың әдемі пастарынан кейін Жомарт Жұмабаев пен Дамир Оразбек «Атырау» қақпасын жиі нысанаға алып жатты. Алайда, қанша шабуылдағанымызбен үзіліске дейін есеп аша алмадық.
Ал екінші таймда алаңға бейімделіп алған «Атырау» ойыншылары қақпашымыз Нұрымжан Салайдинді әлсін-әлсін мазалай бастады. Бірақ Салайдин селт еткен жоқ. Қақпасының кілтін берік ұстап, қонақтардың гол соғуына еш мүмкіндік бермеді.
Ойын соңына таман «Қайсар» жастарының ойынына қайта жан кірді. Алдымен оң қапталдан ентелей кіріп, әдемі пас шығарған Жандос Қартбайдың жартылай соққы, жартылай пасына Жомарт Жұмабаевтың аяғы жетпей қалса, 75-минутта Самат Балымбетовтың баспен ұрған соққысы қақпа бағанасынан сәл ғана қиыс кетті. Ал төреші қосқан төрт минуттың екіншісіде қақпашымыз Нұрымжан Салайдин "атыраулық" шабуылшының өте қауіпті соққысын мысықша атылып, қайтарды.
Осылайша «Қайсар» жастары өз алаңында алғаш рет тең түсті.