Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Сымақовтың 15 жылы

31 наурыз күні Самат Сымақов Қазақстан құрамасы сапындағы 65-матчын өткізді. Сымақов Қазақстан құрамасының жейдесін кигеніне дәл сол күні тұп-тура 15 жыл толды! 

 

 

Ол 2000 жылдың 31 наурызында Азия кубогына іріктеу турнирі аясында Қатар астанасы Доһаның «Әл-Араби спортс клаб» стадионында Иордания құрамасына қарсы негізгі құрамда шықты. Дүниеге келгеніне 21 жыл, 3 ай, 23 күн өткен күн еді. Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен (Авдеев, 10) жеңіске жетті, Сымақов 56 минутта ескерту алды. Содан бергі 5475 күн бойы Қазақстан құрамасы десе, Саматтың есімі қатар аталып келеді. 
Сымақов – қазақ футболының 15 жылдан бергі өлшемі. Ол Қазақстан құрамасы сапында дауылды, жауынды, шуақты, үмітті шақтарды өткерді. Ол қазақ футболының Азия керуен жолынан Еуропа даңғылына түсуі кезеңіндегі барлық ауыртпалықты көрді. Ол – қазақ футболының кешегісі мен бүгіні арасындағы алтын көпір. Ол кей жыл­дары құрамаға түрлі себеппен шақы­рыл­май жүрді, тіпті 2011 жылы құрамадан мүлде кеткенін мәлімдеді де. Бірақ қажет болған уақытында қайта келді. Керек екенін сезініп келді. 

Самат Сымақовтың ұлттық құрама сапындағы көрсеткіштері мен елеулі жетістіктері мынадай:

• Ұлттық құрама сапындағы алғашқы матчын «Ростсельмаш» (Ростов, Ресей) командасының ойыншысы ретінде өткерді. 

• Ұлттық құрама сапында 5013 минут ой­нады. Бұл көрсеткіш бойынша ол рекорд­шы Руслан Балтиевтен (71 матч, 5739 минут) кейінгі екінші орында.

• 65 матчтың 57-сінде негізгі құрамда шықты (87%). Балтиевті қуып жету үшін енді 3 кездесуде негізгі құрамда ойнауы керек. 

• Өзі қатысқан 65 матчтың 46-сын бастан-аяқ өткерді (71%). 11 матчта алмас­тырыл­ды, 8 ойында өзі басқа ойыншыны алмастырды.

• 65 кездесудің 40-ы – ресми ойындар (60%), 25-і – жолдастық кездесулер. 

• Сымақов қатысқан 65 матчта Қазақ­стан құрамасы 13 рет жеңіске жетті, 16 ойын­ды тең аяқтады, 36 матчта ұтылды. 72 гол соқты, 112 гол жіберіп алды. Әр ойында ша­мамен, 1,1 доптан соғылған, 1,72 гол жіберілген.

• Осы матчтардың ішіндегі ең ірі жеңіс – Қазақстан-Қырғызстан-7:1 (05.09.2014, жолдастық кездесу). Ең ірі жеңіліс – Қа­зақ­стан-Түркия-0:6 (08.06.2005, әлем бірін­шілігіне іріктеу матчы) және Ресей-Қазақ­стан-6:0 (23.05.2008, жолдастық кездесу).

• Осы 65 матчта Сымақов 2 гол соқты. Екеуі де – пенальтиден. 2007 жылдың 12 қыркүйегіндегі Қазақстан – Бельгия матчы­ның 76 минутында ол С.Стейненнің қақпасын дәл көздеп, есепті теңестірсе (2:2), 2014 жылдың 16 қарашасында Ыстам­бұлда Түркия қақпасына пенальти соқты. Бірақ бұл гол есеп айырмасын қысқартуға ғана жарады (1:3).

• Сымақов қатысқан матчтардың ішін­де­гі негізгі 3 матч мыналар: 1. Қазақстан – Сербия – 2:1 (24.03.2007). УЕФА-ға мүше болғалы Қазақстан құрамасы өз тарихын­дағы алғашқы жеңісіне осы ойында қол жеткізді. Сымақов матчқа толық қатысты. 2. Бельгия – Қазақстан – 0:0 (16.08.2006). Қазақстан құрамасы ресми кездесуде сырт алаңда фавориттердің бірімен тең ойнап қайтты. 3. Қазақстан – Бельгия – 2:2 (12.09.2007). Қазақстан құрамасы 0:2 есебі­мен ұтылып жатып, есепті теңестірді. Жоға­рыда айтып өткеніміздей, отандастары­мыз­дың екінші голын Сымақов пенальтиден енгізді. 

• Самат Сымақов 65 матч ішінде Әзір­байжан құрамасына қарсы ең көп (6) ой­ынға қатысты. Бұл кездесулерде Қазақстан құрамасы 2 рет жеңіп, 3 рет тең ойнап, 1 рет ұтылды. Қырғызстанмен 3 кездесуде де Сымақов жеңімпаздар қатарында болды. Ал ол үшін ең орайсыз құрама – Түркия. Бауырлармен өткізген 3 ойында Сымақов екі рет негізгі құрамда шықты, 1 рет Фа­миль­цевті алмастырды, 1 рет алмастырылды. Осы 3 кездесуде Қазақстан құрамасы өз қақпасына 13 гол жіберіп алды, 1 ғана гол соқты (авторы – Сымақов). 

• Құрамада ең ұзақ уақыт ойнағандар ішінде Сымақов – рекордшы (15 жыл). Андрей Карпович те құрама есігін Саматпен қатар ашты (2000 жыл), бірақ 2014 жылдың қарашасынан бері қайта шақырылған жоқ. Әзірше оның көрсеткіші – 14 жыл.

• 65 матчта 8 рет ескерту алды. 

Әрине, мұның бәрі – футбол статисти­касын сүйетін оқырмандар үшін қызықты мәліметтер. Дегенмен, осы 15 жылда Самат басынан өткерген ірілі-ұсақты оқиғалар жанкүйерлердің жадынан өшпесі хақ. Мы­салы, менің есіме 2001 жылдың 25 сәуірінде Алматыда өткен Қазақстан – Ирак матчы түседі. Есеп 1:1 еді, бұл ирактықтарға өте ыңғайлы болатын. Самат алаңға 55 минутта К.Горовенконың орнына шықты.Оның жара­қаты толық жазылып бітпегенін біле­тін­біз. Ирак құрамасы ойынды қойды, біздікілер сәл түртіп кетсе ойбайлап жатып алатынды шығарды. Ойын түгесілер тұста Самат айып добын тебуге тәуекел етті. Өте қатты және дәл соғылған соққыны қақпашы Ахмад Жабордың қалай қайтарғанын біл­мей­міз, бірақ әйтеуір сол жақ бұрыштан алып шықты. Қазақстан әлем біріншілігінің негізгі іріктеу кезеңіне өте алмады... Ал Бель­гиямен (2:2) кездесуден кейін Самат­тың «Отан үшін бәрін талқандаймын» деген сөзі жанкүйерлер арасында әлі күнге айты­лады. Сымақов осылайша, қазақ футбо­лы­ның ар-ұяты мен абыройы болып келе жатыр. 
«Егер алаңда командаластарыма кедергі келтіріп жүргенімді сезсем, дереу футболдан кетемін» деді күні кеше ол. Бірақ керісінше, қазіргі жас футболшылар Саматтан көп нәрсе үйренері хақ. Біздің құраманың тари­хы әзірше қысқа ғана, сол қысқа тарихта өзінің жеңіскер рухымен Самат салған тамаша із қалыптасып үлгерді. Алға, Самат!

Есей Жеңісұлы
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: