Элизабет Тұрсынбаева ересектер арасындағы бәсекелерге қатысады
Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан намысын қорғап жүрген 15 жастағы қызылордалық спортшы Элизабет Тұрсынбаева биылдан бастап ересектер арасындағы сайыстарда бақ сынайтын болады. Гран-при жарысының екі кезеңіне қатысады.
Бұл жайында мәнерлеп сырғанаушы өреннің әкесі Байтақ Тұрсынбаев хабарлады. Қазақстандық спортшы АҚШ пен Канадада күз мезгілінде өтетін Гран-придің екі кезеңінде сынға түсетін спортшылар тізіміне қосылды. Айта кету керек, Қазақстан тұңғыш рет ересектер арасындағы қыздардың жалғыз мәнерлеп сырғанау жарысына қатысқалы отыр. Бұрын-соңды біздің спортшылар мұндай биіктен көрінген емес.
АҚШ-та өтетін Skate America деп аталатын Гран-при кезеңінде Элизабеттен өзге Ресейден Юлия Липницкая, жапон Сатоко Мияхаро, кореялық Су-Юн Пак, америкалық Грейси Голд және өзге де спортшылар қатысады.
Ал Гран-при Skate Canada атты екінші кезеңінде әлем чемпионы Елизавета Токтамышева (Ресей), Канако Мураками, Юка Нагаи (екеуі Жапониядан), Эшли Вагнер, Полина Эдмундс (екеуі АҚШ-тан), Кэйтлин Осмонд (Канада) және өзге де спортшылар бар.
Сондай-ақ, жаңа кезеңде Тұрсынбаевамен бірге Гран-при кезеңдерінде Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері қазақстандық Денис Тен де ойын көрсетеді. Ол АҚШ пен Франциядағы жарыстарға қаьысады. Естеріңізге сала кетелік, Элизабет Тұрсынбаева бұрынғы жылдарда белгілі канадалық мәнерлеп сырғанаушы және қазіргі танымал бапкер Брайан Орсерден тәлім алып келеді. Айта кетелік, канадалық бапкер бұдан бұрынғы жылдарда Кореядан Ю-На Ким мен жапониядан Юдзура Ханның Олимпиада чемпионы атануына күш салған еді. Сондай-ақ, Испания намысын қорғайтын әлем чемпионы Хавьер Фернандес те канадалық бапкердің шәкірті болып табылады.