Англия астанасы Лондон қаласында 29 маусым мен 12 шілде аралығында Үлкен дулыға санатына жататын теннистен «Уимблдон» турнирі өтті. Бұл жарыста қазақстандық спортшылардан бөлек, алғаш рет бір төрешіміз қатысты.
Бұған дейін Үлкен дулыға санатын жататын 4 турнирдің ешқайсында қазақстандық төрешілер қазылық етпеген. Бұл жолы 24 жастағы алматылық Юлия Игнатченконың жолы түсті.
Юлия Игнатченко төрешілікке бет бұрмас бұрын теннис және жеңіл атлетикамен айналысқан. Жеңіл атлетиканың бір бағдарламасы бойынша ел чемпионы атанған. Ал 18 жасында теннистен төрешілік қызметке ауысты. Соңғы 7 жыл көлемінде осы салада еңбек етіп жүр. Қазіргі кезде Қазақстанда 15 төреші бар. Оның бесеуінде «халықаралық дәрежедегі төреші» ((«White badge») категориясы бар.
– Алғашқы төрт күн бойы алаң жиегінде қызмет жасадым. Басында қатты толқыдым. Өйткені, мұндай жарыста, оның үстіне шөпте бірінші рет төрешілік етіп отырмын. Барынша сауатты турнирдің деңгейіне сәйкес жұмыс істеуге тырыстым. Көп тәжірибе жинап қайттым. Ұйымдастырушылар жұмысыма оң бағасын берді, – дейді Ю. Ингатченко.
Ол сондай-ақ «Уимблдон» турнирінің ұйымдастырушыларының жұмысын ерекше атап өтті.
– «Уимблдон» маған қатты ұнады. Ұйымдастырушылар турнирдің тарихына құрметпен қарайды. Мысалы, бір ғана форманы алса болады. Теннисшілер міндетті түрде ақ форма киеді. Басқа киіммен шығуға болмайды. Тіпті, жұлдыз болсаң да. Төрешілер де дәл солай. Барлығымыз бірдей формамен жүрдік, –дейді қазақстандық төреші.
Айта кетейік, Қазақстан теннис федерациясы жыл сайын төрешілерге арнап 3 семинар өткізеді. Юлия Ингатченко осы семинарлардың тұрақты қатысушыларының бірі. 2008 жылдан бері төрешілікпен айналысып келеді. «White badge» белгісін 2009 жылы алған. Алматы қаласында тұрады.