Үстіміздегі жылы бірінші лигаға алғаш рет қосылған "Байқоңыр" қазіргі күні 13 команда арасында 10-орында тұр. Жерлестеріміз жанкүйер қауымын қуантуға тырысып келеді.
Бүгінгі күнге дейін олар 13 ойында 2 мәрте жеңіске жетті, 3 ойында таразы басын теңесті, 8 мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Бұл "Байқоңыр" үшін әзірге аз табыс емес. Өйткені, олар бірінші лигадағы додада алғаш рет бақ сынап отыр. Қызылордалық команда құрамында жастар көп. Оларға тәжірибе жетіспей жатады. Сондықтан "Байқоңырдың" жеңісті күндері алда деп санауға әбден болады.
Осы сенбіде, тамыздың 15-і күні Қызылорданың «Локомотив» стадионында өтетін «Байқоңыры» өз алаңында Петропавлдің «Қызыл-Жар» командасын қабылдайды. Ойын жергілікті уақытпен сағат 17:00-де басталады.
Үстіміздегі жылы қос команда 2 мәрте кездесті. Екеуінде де "Қызылжардың" қанжығасы майланды. Біріншіліктің 4-турында жерлестеріміз Петропавлда 0:2 есебімен жеңіліс тапты. Ал Қазақстан кубогының алғашқы кезеңінде "Байқоңыр" өз алаңында "Қызылжарға" 0:1 есебімен жол берген еді. Ендеше, қызылордалық футболшылар үшін есе қайтаратын кез келген секілді. Қысқасы, біздер үшін "Қызылжар" қақпасының кілтін табу қиынға соғып тұр десек те болады. Оны ойын барысында көретін боламыз. Себебі, "Қызылжар" 27 ұпаймен алдыңғы орындардан көрініп, Премьер-лигаға берілетін жолдамадан үміткер командалар қатарында келеді.