Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Жетісу бөрісі» турнирі өтті. Бұл турнирге аудан, қалалық іріктеу турларында жеңімпаз атанған екі палуаннан жалпы саны 38 спортшы қатысты, деп хабарлайды BNews.kz.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Осыдан кейін сөз алған жарыстың құрметті қонақтары Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, Қазақ күресінен тұңғыш чемпион, өнер қайраткері, белгілі актер Әлімғазы Райымбеков жарысқа қатысушыларға ақ батасын беріп, палуандардан тартысқа толы қызықты күрес күтетіндерін айтты.
Турнир қорытындысында Балқаш ауданының намысын қорғаған «Балқаш барысы» лақап атымен танымал Ұлан Рысқұл тұғыр биігінен көрініп, «Жетісу бөрісі» белбеуін тақты және облыс әкімінің жүлдесі – «Лада Приора» автокөлігіне ие болды. Жүлделі екінші орынды түрлі деңгейдегі жарыстарда атой салып жүрген Қарасай ауданынан келген «Қарасай бөрісі» лақап атымен танымал Александр Касачев иеленіп, 300 мың теңгенің ақшалай сыйлығын алды. Сондай-ақ «Шатырбай арланы» лақап атымен белгілі Жігер Сәкенұлы жарыста үшінші орынға ие болды. Оған 100 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Облыстық турнирде жүлделі бірінші және екінші орыннан көрінген қос палуан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы» жарысының жолдамасына ие болды.