Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

«АСТАНА» «СЕЛТИКПЕН» КЕЗДЕСЕТІН БОЛДЫ

 

Футболдан Чемпиондар лигасында сынға түсіп жатқан «Астана» іріктеу кезеңінің үшінші сатысында Шотландияның «Селтик» құрамасымен жұп құрады, деп хабарлайды Seykhuninfo.kz тілшісі.  
Елордалық клуб қарсыласын 26 шілдеде өз алаңында қабылдаса, 2 тамызда Шотландияның Глазго қаласында шеберлік байқасады. 
 «Астана» екінші іріктеу кезеңінде Литваның «Жальгирисін» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ал, қарсыласы – «Селтик» Гибралтардың «Линкольн» командасын әрең айналып өтті. Олай деуімізге негіз бар. Қос команданың алғашқы кездесуінде гибралтарлық футболшылар айды аспанға бір-ақ шығарып, шотланд жігіттерін 1:0 есебімен жеңіп кетті. Негізінде Гибралтарда футбол аса жоғары деңгейде дами қоймағаны белгілі. Онда әуесқойлар сайысқа түседі. Бір сөзбен айтқанда, күндіз өзге жұмыстар жасаса, кешке қарай олар жасыл алаңға доп тебуге жиналады. Атағы айдай әлемге жайылған азулы «Селтиктің» оларға тоқсан минөт бойы олардың қақпасынан саңылау таба алмауы барша жанкүйер қауымын таңғалдырды. Әрине, қарымта ойында «Селтиктің» гол соға алмауы да ғажап емес еді. Өйткені, «Линкольн» жігіттері өз қақпасы алдында жамбастап жатып алса, қақпа құлпы ашылмауы да мүмкін ғой. Дегенмен, бұл жолы шотландтықтар сыр берген жоқ. Қарсыластар қақпасына жауапыз үш доп тоғытты. Осылайша жарыстың келесі кезеңіне жолдама алды. Енді  «Астанамен» кездеседі.
Енді аз-кем «Селтик» жайында сыр шерте кетелік. Бұл клубтың бір ғасырдан астам тарихы бар. 1888 жылдың 6 қарашасында құрылған.  Содан бері 47 мәрте Шотландия чемпионы атағын жеңіп алса, 31 мәрте күміс жүлдегер атанды. Ал Шотландия кубогын 36 мәрте төбесіне көтерсе, 18 рет ақтық сынға дейін алқынбай жеткен. Айтпақшы, 1966/1967 жылдары Еуропа чемпиондарының чемпионы атағын жеңіп алған. Ал 1969/1970 жылғы доп додасында осы турнирдің финалына жетті. Бұл сол кездерде қазіргі Чемпиондар лигасы екені белгілі.  Қысқасы, біздің «Астана» бір кездері кәріқұрлықтың қаһарманы атанған клубпен шеберлік байқасады. 
Тағы бір айта кететіні,  «Селтик» бұған дейін «Астана-аренада» ойын көрсетіп үлгерді. 2013/2014 жылғы Чемпиондар лигасының плей-офф сатысында олар біздің Қарағандының «Шахтер» клубымен кездесті. Астанада төрінде өткен 2013 жылдың 20 тамызындағы тайталаста шотланд жігіттері 0:2 есебімен жеңіліс тапты. Ал 28 тамыздағы қарымта ойында әупірімдеп жүріп есепті 3:0-ге жеткізіп, жарысты жалғастыру мүмкіндігін алды. 
Енді «Селтик» «Астана-аренаның» шын иесімен жолығып тұр. «Астана» бұл стадионда Чемпиондар лигасының жеті кездесуінде де жеңілген жоқ. Сол жеңісті жол жалғасын таба берсін демекпіз. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: