Колумбияда өтіп жатқан футзалдан әлем біріншілігінің топтық кезеңі мәресіне жетті. Дүбірлі додада еліміздің намысын қорғап жүрген Қазақстан құрамасы жарыстың келесі сатысына жолдама алып, жанкүйер қауымды бір серпілтіп тастады.
Біздің жігіттер Е тобында сынға түсті. Қарсыластары – Аргентина, Коста-Рика және Соломон аралдары құрамалары. Расын айту керек, біз өз құрамамыздан үлкен үміт күттік. Өйткені, олар биылғы Еуропа біріншілігінде талай азулы қарсыласты тықсырып, айтулы аламанда қола жүлдегер атанып қайтқан еді. Осыдан кейін жанкүйерлер біздің спортшылар бұл жолы да құр қол қайта қоймас деген үміттенді. Сенім ақталды. Алғашқы ойында Аргентинадан 0:1 есебімен жеңіліп қалған еді. Одан кейін Коста-Риканы 3:1, Соломон аралдарын 10:0 есебімен жеңді. Нәтижесінде жарыстың 1/8 финалдық сатысына жолдама алды. Ендігі қарсылас – Испания. Олармен Еуропа біріншілігінің жартылай финалында кездескен болатынбыз. Сол жарыста 3:5 есебімен есе жібергеніміз әлі есте. Ендеше, қарымта қайтаратын уақыт туған секілді. Оны уақыт көрсете жатады. Жеңіске жетіп жатсақ, Ресей – Вьетнам құрамаларының жеңімпазымен ойнаймыз. Кездесу 21 қыркүйектен 22 қыркүйекке қараған түні сағат 04.30-да басталады.
Жарыстың осы сатысында төмендегі құрамалар өзара жұп құрады: Колумбия – Парагвай, Бразилия – Иран, Ресей – Вьетнам, Аргентина – Украина, Италия – Египет, Таиланд – Әзірбайжан, Португалия – Коста-Рика.