Филипп ЭДЕЙПО – 2011-2013 жылдары «Қайсар» командасының намысын қорғап, Сыр жанкүйерлерінің ықыласына бөленген аяқдоп шебері.
– Филипп, жағдайың қалай?
– Рақмет! Жағдайым жаман емес.
– «Қайсардың» құрамында екі жылдай ойын көрсеттіңіз. Сол тұста біздің қалаға бауыр басып қалғаныңыз байқалды. Қызылордалық жанкүйерлермен әлі күнге дейін байланысып тұрасыз ба?
– Әрине, Қызылордаға деген сағынышымды айтып жеткізе алмаймын. Уақыт өте келе ұмыт болар деп ойлаушы едім. Керісінше, сағынышым үдеп барады. Жалпы, Қызылорда – өмірімдегі ең ғажайып қаланың бірі. Өйткені мұнда тұрақтап қалуға мүмкіндік мол. Қала халқы қонақжай әрі бейтаныс адам деп жатсынбайды. Әлбетте, жанкүйерлермен әлі күнге дейін әлеуметтік желі арқылы байланысып тұрамын. Тіпті, кейбір жанкүйерлер достарыма айналған.
– «Қайсардан» кейін қандай клубтардың жейдесін кидіңіз?
– 2013 жылы «Қайсардың» сапынан кеткесін туған жерге, яғни, Нигерияға оралуға мәжбүр болдым. Онда «Нигерия» деп аталатын клубпен бір жылдық келісім-шартқа қол қойып, туған жердің намысын қорғадым. Бірақ, бір өкініштісі, біздің елдегі чемпионатта қаржы тапшылығы көп. Сондықтан ойыншылар мұнда тұрақсыз.
– Қазір қай команданың сапында жүргеніңізді білгіміз келеді
– Вьетнам мемлекетінде «Яданарбон» сапында доп теуіп жүрмін. Бұл елде тұрақтағаныма екі жыл. Қазір чемпионат аяқталып, командалар демалу үстінде. Өкініштісі бұл елде қылмыстық оқиғалар көп болады. Мұнда басқа елден келген адамдарға өмір сүру қауіпті.
– «Қайсарға» қайта оралу ойыңызда жоқ па?
— Менің қазір бір-ақ арманым бар. Ол қандай арман дейсіз ғой? Әрине, Сыр өңіріне қайта оралу. Негізі шалғайда болсам да «Қайсардың» ойындарын желі арқылы жіті бақылап жүремін. Команданың биылғы қадамы жаман емес. Келесі маусымда премьер лигада ойнайтыны сөзсіз. Сондықтан осы командадан шақырту болса, барымды салып шеберлік көрсетуге тырысамын.