Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

«ҚАЙСАРДА» ЖЕРГІЛІКТІ ОЙЫНШЫЛАРҒА КӨҢІЛ БӨЛІНБЕК

 

«Қайсар» футбол клубының директоры клубтың баспасөз қызметіне сұхбат берді, деп хабарлайды команданың баспасөз қызметі. Әңгіме барысында директор 2016 жылғы футбол маусымында атқарылған жұмыстар туралы айтып, келесі жылға жоспарлармен бөлісті. 
– Бағдат Кендебайұлы, бірінші кезекте өткен маусымның сәтті аяқталуымен құттықтауға рұқсат етіңіз. Сіз клуб директоры қызметіне маусымның екінші жартысында келдіңіз (2016 ж тамыз айында). Сол мезетте Сіздің алдыңызға қойылған мақсат туралы айтып берсеңіз.
– Құттықтауларыңызға рахмет. Сізді де осы жетістікпен құттықтаймын. Себебі бұл жеңіс тек футболшылар мен бапкерлер штабының жеңісі емес. Барлық «Қайсардың» жеңісі деп есептеймін. «Қайсар» туралы айтқанда оның құрамына футболшылар, бапкерлер, клуб қызметкерлері және де әрине команданың жанкүйерлері де кіреді. Бірлесе еңбек етіп қана өткен жылдарда жол берген сәтсіздіктерді түзеп, Премьер-Лигаға оралуға мүмкіндік туды. 
–  Алға қойылған талап-жоспарларды айтар болсақ, басты міндет – жоғарғы лигаға жолдаманы жеңіп алу болды. Біз команда ойыншылары кезекті кездесуге шыққанда тек ойын туралы ойлайтындай жағдай жасауымыз керек болатын. Бірігіп еңбек еткеннің арқасында біз алға қойылған мақсатқа қол жеткізе білдік деп есептеймін. Қазіргі таңда команда алдында ешқандай қарызымыз жоқ. Бұл да болса біздің қызметкерлердің атқарған еңбегінің жемісі деп айтуға болады. Сыр елінің жанкүйерлері мен облыс әкімінің қойған мақсатына қол жеткізуге бірге тер төккен барлық азаматтарға тағы бір мәрте алғыс айтқым келеді. Біз бір командамыз!

«Жергілікті түлектерге көңіл бөлетін боламыз»
 
– «Қайсар» премьер-лигаға оралды. Енді жанкүйерлердің көкейінде жүрген басты сауал команданың жасақталуы мен бас бапкер туралы сұрақтар. 
– Бас бапкерлікке қазіргі таңда бірнеше жоғары білікті мамандармен келіссөздер жүргізілуде. Әзірге олар туралы сөз қозғау ерте. Таңдауымыз айқындалып, келісімшартқа қол қойылған сәтте жанкүйерлерге ақпаратты жеткіземіз. Команданың құрамына келер болсақ, жергілікті ойыншыларға көбірек көңіл бөлетін боламыз. Бірнеше қызылордалық футболшы Қазақстанның өзге клубтарында өнер көрсетіп жүргені баршаға мәлім. Сол командалар құрамында Қазақстан чемпионы атанып жүргендері де бар. Олардың барлығы дерлік ұлттық құрамаға да шақырту алып жүрген, сапалы ойыншылар. Сондықтан келесі маусымда олардың «Қайсар» сапында өнер көрсетуі үшін қолдан келген барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Біздің жанкүйерлеріміздің көпшілігі бұл жайтқа қуанады деп ойлаймын..

«Сақалбаев, Граф және Марушко команда құрамында қалады»

– 2016 жылы команда құрамында болған ойыншылардың қайсысы келесі жылы да қалады? 
– Кейбір ойыншыламен біз 1+1 жүйесімен келісімшартқа қол қойған болатынбыз. Яғни, клуб алдына қойылған тапсырма жүзеге асырылған жағдайда, келісім тағы бір жылға созылады. Бұл ойыншылар – Руслан Сақалбаев және қос легионер Иван Граф пен Матиц Марушко. Командадағы басқа ойыншылар туралы әзірше ештеңе айта алмаймын. Бірақ жаңалықтар болып жатса, клубтың ғаламтордағы парақшасы және БАҚ арқылы бірден хабарланады.

«Байқоңыр» «Қайсардың» фарм-клубы болады.

– «Қайсар» жоғарғы лигаға өтті. Ал, «Байқоңырдың» жайы не болмақ?
– Келесі маусымнан бастап «Байқоңыр» «Қайсардың» қол астына өтеді. Фарм-клуб ретінде Бірінші Лигада өнер көрсетуін жалғастырады. Бұл өңір басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың бізге жүктеген тапсырмаларының бірі. Себебі «Байқоңырдың» басты міндеті облыстың негізгі командасына сапалы кадрлар даярлау. Сонымен қатар «Қайсар U-21» екінші лигада ойнайтын болады. Осылайша әрбір лигада біздің облыстың намысын қорғайтын команда болады.
– Бағдат Кендебайұлы, қызықты сұхбатыңызға рахмет.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: