Қазақстан барысының үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбай қызды болды деп, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Балуан өзінің қуанышымен Инстаграм желісіндегі парақшасында бөліскен.
«Ардақты ағайын! Жанашыр достарым! Тəуелсіздігіміз мəңгілік болғай! Сүйінші! Шаңырағымда ұлы қуаныш, дүниеге сəби келді! Нəрестелі болдым, қызды болдым ағайын! Өрісімді кеңейткен Аллаға сансыз мадақ!! Қуаныштан жүрегім жарылардай болып тұрмын. Жеңістің 40 жылдығында дүниеге келіп атымды Бейбіт қойып еді, Ұлы мереке Тəуелсіздіктің 25 жылдығында қызым дүние есігін ашты. Жақсы ырымға балап отырмын. Ұлы мерекеде дүниеге келген балапанымның бақытын баянды ете гөр Алла», - деп жазды балуан. Бейбіттің қуанышына ортақтасып, құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп жатқандар көп.
Айта кетейік, Бейбіт Ыстыбай 2012, 2015 жəне 2016 жылы «Қазақстан Барысы» атағын жеңіп алды.
Биылғы жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларынан іріктелген 34 балуан қатысты. Балуанның бұл белбеуде бағы мен бабы қатар жанып, жеңісті қолдан бермеді. Үшінші рет қатарынан жеңімпаз болған чемпионға бұл жолы 25 миллион теңге, алтын тайтұяқ және Астанадан бір бөлмелі пәтер бұйырды.