Есепті кезеңде өңірде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 26,4 пайызға көтеріліп, 203 594 адамға жетіп отыр. 2015 жылмен салыстырғанда (192885 адам) 10 709 адамға өскен.
Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев мәлімдеді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының айтуынша, мыңға жуық ауыл спортшыларының қатысуымен «Алтын күз» спартакиадасы, 7000-нан аса спортшының өнер көрсетуімен қазақ күресінен «Алтын белбеу», футболдан 3 жас ерекшеліктері бойынша 33 мың оқушының қатысуымен «Былғары доп», 5 мың оқушының қатысуымен «Нашақорлыққа жол-ЖОҚ» Бәріңде жарысқа» көңілді эстафета, 382 жанұя мүшелерінің қатысуымен отбасылық сайыстар жүйелі өткізіліп келеді.
Облыс әкімінің жүлдесіне арналған мемлекеттік қызметшілер арасында спорттың 15 түрінен дәстүрлі спартакиада 25-ші рет ұйымдастырылса, 600 студенттің қатысуымен футболдан маусымдық чемпионат өтті. Дария жағасында вело және жүгіру жолы ашылып, бүгінгі таңда велосипедпен жүрушілер қатары көбейіп келеді. «Қала күнін» мерекелеу шарасына, 500 велошабандоз бен 800 жүгірушілер қатысты.
Ұлт Көшбасшысы – ҚР Тұңғыш Президенті тесттерінің нормативтерін тапсыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Оған 182 459 адам немесе облыс халқының жалпы 23,7 пайызы қатысты, оның ішінде Президенттік деңгей нормативтерін 453 адам және Ұлттық дайындық деңгейі нормативтерін 2812 адам орындады.
Өңірімізде спорттың ұлттық спорт түрлері белсенді дамып келеді, облыста 7 ұлттық спорт түрімен 588 үйірмеде 14 347 адам шұғылданады. Тоғызқұмалақтан жасөспірімдер, жастар, ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионаттарында облыс спортшылары 11 алтын, 7 күміс, 1 қола медальдарды иеленсе, Алтай Республикасында өткен (Ресей) Азия чемпионатында 4 жүлдені (1 алтын, 2 күміс, 1 қола) еншіледі. Нәтижесінде биыл ЭКСПО қарсаңында Астанада болатын Әлем чемпионатына 12 жолдаманың 3-уін біздің облыстың спортшылары алып отыр.
Облыс бойынша тұрғындардың спортпен жүйелі түрде шұғылдануы үшін 2120 спорт ғимараттары жұмыс жасайды, оның 1418-і ауылдық жерде. 2015 жылмен салыстырғанда спорт нысандарының саны 25 бірлікке артты.