Қызылорда облысы, Қазалы ауданында қыздар арасында гандболдан облыстық турнир аяқталды. Аталмыш турнир Қазақстан Республикасы Гандбол федерациясы Президенті Кубогының жүлдесіне биыл бірінші мәрте ұйымдастырылды.
Жарыстың салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасы гандбол федерациясының президенті, Азия федерациясы кеңесінің мүшесі Гүлнар Тұрлыханова сөз сөйлеп, Қызылорда облысында гандбол спортының қарқынды дамуы арқасында аймақ спортшыларының жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқандығын және келесі жылы Ұлттық құрама команда сапына енген облыс спортшыларының Әлем чемпионатына қатысатындығын айтып өтті.
Айта кетейік, гандболды дамыту мақсатында биылдан бастап Қызылорда облысында төрт кезеңнен тұратын облыстық чемпионат өткізілген. Қазақстан бойынша тек Қызылорда облысында ғана осындай шара ұйымдастырылды. Алдағы уақытта бұл чемпионат дәстүрге айналып, жыл сайын аудан орталықтарында өткізілетін болады.
Гандболдан облыстық турнирге Қызылорда облысының барлық аудандарынан 8 команда қатысты. Үш күнге созылған тартысты ойынның нәтижесі бойынша Қазалы ауданының командасы көш бастады. Екінші орынды Сырдария ауданы иеленсе, үшінші орын Жаңақорған ауданының командасына бұйырды. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубок пен грамоталар табысталды.