Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Ақмешіт" Сыр өңірінің намысын қорғап жатыр

"Ақмешіт" Сыр өңірінің намысын қорғап жатырШағын футбол лигасының үздік ойыншыларынан жасақталған Қызылорданың «Ақмешіт» құрама командасы футзалдан әуесқойлар арасында Қарағанды қаласында өтіп жатқан ел чемпионатында бақ сынап жатыр. 
 «Ақмешіт» Қызылорда әуесқойлар құрама командасы:
Қақпашы: Қайрат Талғатұлы (Талсуат).
Алаңдағы ойыншылар: Асқар Мұстафаев (Атамұра), Елшат Тұрсыматов (Атамұра), Рүстем Әбдікәрімов (ЦОН), Нұржау Бостанов (Престол), Сұңғат Қанат (Жайна), Азамат Байқадамов (Талсуат), Қуаныш Құлахметов (Мәслихат), Мәди Ешмұратов (Мәслихат), Ержан Батпанов (Самұрық).
Бас бапкер – Алтынбек Оспанов.
Федерация өкілі – Әзиз Жұмаділ.
Әлқиса… Әлбетте, Сыр футболындағы соңғы жаңалықтардан бейхабар жанкүйерлер «Ақмешіт» командасы қайдан шыққан деген сұрақты қоюы заңды. Дегенмен, нағыз футболсүйер қауым мұның түптереңін жақсы біледі. Ендеше, тарқатып өтейік: биылғы жылдың тамыз айында Қызылорда облыстық футбол федерациясы «Фейсбукшілер ашық кубогы» жобасын қолға алған болатын. Қаладағы №101 орта мектептің «ҚазГерМұнай» алаңында әр жексенбі сайын ұйымдастырылған турнирдің алғашқы аптасында жеті команда жиналды. Одан кейінгі демалыста командалар саны 14-ке жетті. Кейін 21, одан соң 27, 33 команда болып көбейе берді. Сөйтіп, «темірді қызған кезінде соғып қалуды» ойлаған ҚОФФ өкілдері осы турнирдің қорытындысы бойынша қыркүйек айында бірден Шағын футбол лигасын құрып жіберді. Осылайша «А» лигасында 8 команда сынға түссе, «В» лигасында 10 команда ойнады. Шағын футбол лигасының күзгі кезеңі қараша айына дейін жалғасты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, «А» лигасына жолдама алған командалар анықталды. Бірақ бұл Сыр футболшыларына жасалған тосын сыйлардың басы ғана еді. Федерация басшылары Лига үздіктерінен «Ақмешіт» әуесқойлар командасын жасақтап, қарашаның 27-сі мен желтоқсанның 5-і аралығында шағын футболдан Қарағанды қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына қатыстыру туралы шешім қабылдады. Осыған орай бас бапкер ретінде Сыр жеріне ғана емес, бүкіл Қазақстан футзалына белгілі маман Алтынбек Оспанов тағайындалып, Лигада өздерін жақсы қырынан көрсете білген отызға жуық футболшы жаттығу жиынына шақыртылды. Дегенмен, аптасына екі-үш реттен өткен жаттығулардың нәтижесінде Алтынбек Бейсенбайұлы 10 ойыншыны таңдап алды. Бір қызығы, он ойыншының бесеуі «А» лигасында ойнаған жігіттер болса, бесеуі «В» лигасынан шыққан дарабоздар екен.
      Ал Қарағандыдағы Қазақстан біріншілігінде «Ақмешіт» өздерінің алғашқы ойынын 28 қараша күні Алматының Энергоколледж командасына қарсы өткізеді. Одан кейінгі қарсыласымыз Ақтөбе қаласы болса, топтық кезеңдегі соңғы ойынымызды жергілікті «Магна» командасына қарсы өткіземіз.
- Командамызда кілең әуесқой ойыншылар жиналған. Көбі үшін бұл ел чемпионаты бірінші ірі турнир болмақ. Сондықтан, тәжірибе жағынан өзгелерден кемшін түсуіміз мүмкін. Оның үстіне, команданың жиналғанына бір-ақ ай болды. Дегенмен, Қызылорда қаласының намысын абыроймен қорғауға барымызды саламыз. Ең бастысы жігіттерге жігерлік керек, қорықпай ойнаулары қажет. Ал қалғаны өз орайымен келе береді, – деді бас бапкер Алтынбек Оспанов.
Сондай-ақ, жаттығу жиындарынан кейінгі өз әсерімен команда мүшесі Рүстем Әбдікәрімов те бөлісті:
- Алаңда барымызды салуға тырысамыз. Қай-қайсымыз болсақ та, намысты қолдан бермейміз. Әлбетте, қарсыластарымыздың барлығы да қарымды шығар, алайда бізде жігер бар, рух бар, басқалардан еш кем емеспіз. Сәті келгенде бізге Қазақстан чемпионатына қатысуға жағдай жасап отырған Қызылорда облыстық футбол федерациясына зор алғыс, – деді ағынан жарылған Рүстем.
Ал мұндай додаларға қатысып, біраз тәжірибе жинақтаған Азамат Байқадамов ел чемпионаты сынды ірі додаларда көп жағдайда бәрі психологияға байланысты екенін атап өтті.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: