Облыстық футбол федерациясының президенті жанкүйерлермен кездесті
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қызылорда облыстық футбол федерациясының Президенті Нұржан Нұрмағамбетұлы Әлібаев облыстық әкімдігінде «Қайсар» футбол клубының жанкүйерлерін қабылдап, маусым бойы командаға қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.
Биыл Қазақстан Премьер-лигасында «Қайсардың» ойындарын барлығы 130 100 көрермен тамашалаған. Яғни, әр кездесуде қызылордалықтардың ойынын көруге стадионға орташа есеппен 4066 адам келіп отырған. Бұл жөнінен Сыр командасы ел чемпионатында 5-орында. Бірінші орында «Ақтөбе» болса, екінші орында «Қайрат», үздік үштікте «Астана», төртінші орында «Ордабасы.
Дегенмен, Қызылордада өткен ойындарда «Қайсарға» жанкүйер болғандардың саны сәл де болса көбірек. Бұл тұрғыда үшінші орындамыз. Бірінші орында өз алаңындағы әр кездесуіне орташа есеппен 7 706 көрермен жинаған «Қайрат» орналасса, екінші орында матч сайын 6 906 көрермен жинаған «Ақтөбе» тұр. «Қайсардың» Қызылордадағы кездесулеріне орташа есеппен 4 125 жанкүйер жиналып отырған. Яғни, бір маусымда 66 000 мың көрермен деген сөз.
Сондай-ақ, биыл клуб басшылығы да «қайсарлық» жанкүйерлерге ерекше жағдай жасады. Нақты айтсақ, 7-ші тур аясында 19 сәуірде Ақтөбеде өткен «Ақтөбе» - «Қайсар» кездесуіне екі автобус бөлінсе, 22-тур аясындағы «Ордабасы» - «Қайсар» кездесуін тамашалау үшін Шымкентке 150-ге жуық адамды сидырған үш автобус жолға шықты. Сонымен қатар, 24-тур аясында Шымкентте өткен «Ордабасы» - «Қайсар» матчына да екі автобус лық толы жанкүйер аттанған болатын.
– «Қайсар» футбол клубының биыл ел чемпионатында үздік бестіктен көрінуі – бұл бір жағынан жанкүйерлердің де арқасы. Сіздердің қолдауларыңыз көптеген ойындарда команда футболшыларына қосымша қанат бітіріп, жеңіске жетуге септігін тигізді. «Қайсардың» ұраны – «Жеңістің кілті – бірлікте». Егер бір қолдың жұдырығындай жұмыла білсек, көптеген белестерді бағындыруға болады. Алдағы уақытта да қызылордалық командаларымызды қолдай бересіздер деп сенемін, - деді жанкүйерлердің алдында сөз алған Нұржан Нұомағамбетұлы.
Кездесу барысында «Жастар» фанклубы мен «Дала қасқырлары» фанқозғалысының ерекше белсенді жанкүйерлеріне алғыс хаттар беріліп, естелік суретке түсті.