Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Қайрат Нұрдәулетов: Қазақ футболына қатал бапкер керек

Дәл қазiр жасыл алаңда көсiлiп жүрген қазақ футболшыларының iшiнде тәжiрибесi мол – Қайрат Нұрдәулетов. Қазақстанның бiрнеше командасында ойнап, елiмiздiң екi дүркiн чемпионы, ел кубогының үш дүркiн жеңiмпазы атанған қорғаушы бiраз жыл ұлттық құрамамыздың да намысын қорғап, бас командамызды алаңға капитан ретiнде бастап та шықты. Бүгiнде Қызылорданың "Қайсарында” ойнайтын Қайратпен қазақ футболының қазiргi ахуалы жайлы ашық әңгiмелесiп, бiраз ой–пiкiрiн бiлген едiк.

Қайрат Нұрдәулетов: Қазақ футболына қатал бапкер керек

 

 
– Қайрат, шыны керек, қазақ футболының еңкейiп тұрған еңсесi қайтсе тiктеледi деген сауалға бас қатырмаған, футболшыларымызды жерден алып, жерге салмаған адам кемде-кем. Ерiнбегеннiң бәрi қазақ футболын сынайды. Сын естушiнiң бiрi – өзiңiз. Ендеше, өзiңiз айтыңызшы, қазiргi қазақ футболында өсу бар ма? Әлде баяғы өгiзаяң жүрiс пе?
– Әлбетте, бұрынғымен салыстырғанда едәуiр өскен, iлгерiлеу­шiлiк бар. Әсiресе, клубтық деңгейде жақсы байқалады. "Қайраттың” да, "Астананың” еурододадағы ойындарын көрiп жүрмiз, көз қуантады. Рас, "Ордабасы” мен "Ақтөбеге” аздап сәттiлiк жетiспедi. Дегенмен, Қазақстан чемпионатының қаншалықты өскенiн "Қайрат” пен "Астана” көрсетiп жатыр. Әрине, түсiнем, жанкүйерлердiң талабы жоғары. Олар әрдайым одан да жоғары болғанын қалайды, еурокубоктың топтық кезеңiн аңсайды, әлем немесе Еуропа чемпионаттарының финалдық ке­зеңдерiн күтедi. Егер дәл осы қарқынмен дами берсе, ол күндер де алыс емес деп ойлаймын.
– "Астана” немесе "Қайрат”, осы екеуiнiң тым болмаса бiреуi биыл еуротурнирдiң топтық кезеңiне өте ала ма?
– Бiреуi ғана емес, екеуi де биыл топтық кезеңге жолдама алып жатса, таңғалмаймын. Бұл клубтар қазiр командасының жоғары деңгейге көтерiлуi үшiн барлық жағдайды жасап жатыр. Менеджментi дұрыс жолға қойылған. Тәжiрибелi легионерлерден бөлек, өз елiмiздiң талантты футболшыларын шақыртқандықтан, әлеуетi зор. Келесi қарсыластары Финляндияның "ХИК” командасы мен Шотландияның "Абердинi” емес пе? Ұтулары тиiс.
– Словакия чемпионы "Мариборды” жеңген "Астана” Чемпиондар лигасының келесi кезеңiне шықты. Елордалық команданың сапында еурокубоктарда ойнай алмай қалдым деп өкiнбейсiз бе?
– Ешқандай да өкiнiш жоқ. Өмiрдiң заңдылығы ғой: бүгiн бiр командада ойнасаң, ертең басқа клубта доп тебесiң. Иә, "Марибормен” болатын ойынның алдында бұрынғы әрiптестерiме телефон шалып, сәттiлiк тiледiм. Ойыннан кейiн құттықтадым. Шыны керек, "Астананың” жеңiсiне қатты қуандым. Өйткенi мен де сол командада бiраз ойнап, осындай деңгейге жетуiне сәл де болса үлесiмдi қосқанмын.
– Ұлттық құрама сапында 2003 жылдан берi ойнап келесiз. Арно Пайперстен бастап төрт бапкердiң алдын көрдiңiз. Осы Арнодан Красножанға дейiнгi ұлттық құрама бапкерлерiнiң кем тұсы мен артықшылықтарын айтып берсеңiз.
– Ең мықты құрама Арно Пайперстiң кезiнде болды ғой. Ол кезде командада футболшылар да мықтырақ болған сияқты. Қазақстан ұлттық құрамасы үшiн өзi бiр сәттi кезең осы кез. Кейiн Бернд Шторк келiп, бiразымызды құрамадан шығарып тастады. Жаңа цикл бастағысы келдi. Нәтижесi қаншалықты болғанын жанкүйерлер де жақсы бiледi. Ал Беранек туралы тек жақсы пiкiрлер ғана айта аламын. Дегенмен, кейде оның ұстанымы қазақ футболының мента­литетiне келiңкiремейтiндей көрiнетiн. Иә, бiлiктiлiгiне қояр мiн жоқ. Жаттықтыру процесi, тактикалық бiлiмi, бәрi-бәрi көңiлден шығатын. Тек мiнезi аздап жұмсақтау болатын. Менiңше, қазақ футболына қатал бапкер керек. Жастарға еркiндiктi көбiрек берiп қойған секiлдi. Қаншалықты еуропалық көзқарас болғанымен, Қазақстан футболына келгенде сәл қаталдау болғаны дұрыс болар ма едi деп ойлаймын. Өйткенi бiздiң табиғатымыздың өзi сондай ғой – ер­кемiз, тез босаңсып қаламыз, сәл биiкке шықсақ, соған масаттанып аспандап кетемiз. "Семiздiктi қой ғана көтередi” деп бабаларымыз да бекер айтпаған. Әсiресе, бұл кейбiр жас футболшыларға қатысты. Сондықтан, Мирослав Беранекке бiр қолына бәлiш, бiр қолына қамшы ұстап жүру керек пе едi деп ойлаймын. Негiзi, Беранек – өте бiлiктi бапкер. Қазiргi жаттықтырушыға келер болсақ, менiң ойымша, Юрий Красножанның бағыты дұрыс сияқты. Әртүрлi бапкер болады, қанша жерден бiлiмдi болғанымен, ойындағысын шәкiрттерiне жеткiзе алмайтындар да бар. Ал Красножан – керемет тактика, жақсы психолог, әрi тәп-тәуiр педагог. Өз ойын нақты жеткiзедi. Ұлттық құрамадағы жiгiттерден де естiп жүрмiн ғой, қазiр ойын бiраз жақсарған. Рас, алаңға аздап қорқып шығамыз дейдi. Егер осы жағын да реттесе, онда жеңiс бiзге де бұйырады.
– Қайрат, қалай ойлайсыз, Қазақстан құрамасы ендi неше жылдан кейiн Еуропа немесе әлем чемпионаттарының финалдық додасына қатысуы мүмкiн?
– Ақырындап болса да ел футболы дамып келе жатыр. Қазiр ел чемпионатының деңгейi едәуiр өскен. Бұрынғыдай емес, бүгiнде Премьер-лигада командалардың бәрi де бәсекеге қабiлеттi. Дегенмен, нақты осынша жылдан кейiн Еуропа чемпионатының финалдық кезеңiнде ойнаймыз деп айту қиын. Егер осы қарқынмен дами берсек, онда алдағы 4-5 жылда "мiне, Қазақстан құрамасы топта жоғары орында келе жатыр, кеше бiздiң жiгiттер тағы да жеңiске жеттi” деп сүйiншiлейтен күнге жетемiз.
– Кезiнде Германия құрамасына қарсы өткiзген матчтан кейiн отандық баспасөздiң бiрiне "Швайнштайгердi көргенде қобалжу басталды” деген едiңiз. Мойындайықшы, бiздiң футбол еуропалық, әлемдiк өлшеммен алғанда түкке жарамсыз дәрежеде ғой...
– Иә, мойындаймын, бiздiң әлi үйренерiмiз көп. Германияның дәрежесiне жету үшiн әлi көп еңбектенуiмiз қажет. Олардың футболшыларын бүкiл әлем бiледi. Өзiңiз айтқан Швайнштайгердi еңбектеген баладан еңкейген кәрiге дейiн таниды. Мен өзiмнiң сұхбаттарымда жиi айтып жүрмiн. Қазақстанда футболшыларға жарнама жетiспейдi. Өзiмiздiң жiгiт­тердi жиi жарнамалау қажет. Қандай футболшы болмасын, өз жерiнде оны бәрi тануы тиiс. Қазiр Қазақстанда жалындап өсiп келе жатқан жақсы ойыншылар көп қой. Мәселен, Бауыржан Исламхан, Ұлан Қонысбаев, Елдос Ахметов, Абзал Бейсебеков, Серiкжан Мұжықов... осылардың барлығын тек футбол жанкүйерлерi ғана емес, барлық саланың адамдары бiлуi қажет. Бiзде футболшылар көшеде кетiп бара жатса, көп ешкiм тани бермейдi. Жақын туыстары, достары немесе таныстары болмаса, бас­қа адамдар оның кiм екенiне, қайда ойнайтынына қызықпайды. Бұл да – бiр үлкен проблема. Егер футболшыны баршаға танытып, жарнамасын жақсылап жасайтын болсақ, онда оның үстiне қосымша жауапкершiлiк түседi де, алдағы уақыттарда жақсы ойнауға тырысады. Алға ұмтылуға құлшыныс пайда болады. Аяқ добы қарыштап дамыған Англия, Испания, Италия сынды елдерде солай: кiшкентай бала бiр турнирде төрт-бес гол соғып, мықты финттар жасаса, оны теледидардан көрсетiп, интернетке роликтерiн салып, қолдан жұлдыз жасап жiбередi. Ол бала өзiне осыншалықты назар бөлiнiп жатқанын көредi де, одан сайын жақсы ойнауға құлшынады. Бiзге де осылай маркетинг жағын мықтап қолға алу керек. Осы орайда Алматының "Қайраты” қазiр дұрыс жұмыс iстеп, қаланы футболшылардың сурет­терiмен көмкерiп жатыр. Мұны мен дұрыс бағыт деп ойлаймын. Бұл футболшының өсуiне ғана емес, жалпы халықтың футболға қызығушылығын күшейтедi.
– Шетелден командалар келсе, мiндеттi түрде алаңдарымыздың сапасына мiн тағып кетедi. Сонда, Қайрат, бiзде стадиондар шынымен де мүшкiл халде ме?
– PR, маркетинг деймiз, оның барлығы екiншi кезектегi мәселелер. Ең үлкен, негiзгi проблема – инфрақұрылым. Қазақстанда расымен де жақсы алаңдар тапшы. Премьер-лиганың өзiн алар болсақ, тек екi-үш-ақ команданың стадионы көңiлден шығады. "Астана-Аренада” доп тепкен рахат, Алматының "Орталық стадионында” футбол ойнағаннан керемет ләззат аласың және Тараздың стадионындағы алаң тамаша, жұмыс жасалып жатқаны көрiнiп тұр. Ал қалған қалаларда, шыны керек, стадиондары көңiл көншiтерлiк емес. Негiзi, футболшы болған соң, өз салаңа қатыс­ты әрбiр нәрсеге көңiл бөлiп, зер салып жүресiң ғой. Кейде тастақ жерде доп қуалап жүрген балаларды көресiң, жаның ашиды. Кiш­кентайынан асфальтта доп тепкен баладан қандай футболшы өсiп шығады?! Иә, бiздiң ағаларымыз да, бiз де сондай жерден өсiп шықтық. Өз деңгейiмiзде жаман бол­ған жоқпыз. Бiрақ сол көзқараспен Германия, Испанияның деңгейiне жете аламыз ба? Жоқ. Сондықтан, әрбiр қалаға жақсы ареналар қажет. Бiзге үлкен стадиондар керек емес. Бастысы, алаңы жақсы болсын. Әйтпесе кейбiр қалаларда жетi-сегiз жыл бұрынғы жасанды алаңдарды төсеп қойған. Жөндi жүгiре де алмайсың, тайып, құлай бересiң. Бiрақ ойнау керек болғандықтан, әйтеуiр жарақат алып қалмасам екен деп жүретiндер де болады. Оларды түсiнесiң. Бiр жерi майып болса, ертеңгi күнi отбасын кiм асырамақ? Ал матч дегенiң мереке ғой. Алаң сапалы болса, футболшылар да жақсы ойнауға тырысады. Иә, қазiр бiртiндеп елiмiзде спорттық инфрақұрылым қолға алына бастады ғой. Алайда осыны бұдан да жоғары деңгейде да­мытуы­мыз қажет.   
– Соңғы жылдары кеңiнен талқыланып жүрген мәселелердiң бiрi – "Оле, Бразил” жобасы. Өзiңiз бiлесiз, Бразилияда бiздiң елдiң өрендерi оқып, доп тебудiң қыр-сырын үйренiп жүр. Алдыңғы лектiң елге оралғанына да бiраз жыл өттi. Солардың iшiнен кәнiгi бразилиялықтарша керемет футбол ойнап жүргендердi байқай алдыңыз ба?
– Шыны керек, iлiп алар ешкiмдi байқамадым. Менiң ойымша, бұл – сәл дұрыс ойластырылмаған, жөндi жолға қойылмаған жоба болды-ау деймiн. Өзiн ақтамады. Кiм бiледi, бәлкiм, дұрыс балалар бармады ма, әлде басқа да себептер болды ма, әйтеуiр, Бразилияда оқып келгендердiң iшiнде мықты ешкiмдi көрмедiм. Тiптi, қайсысы қай деңгейде ойнап жүргенiн де бiлмеймiн. Өзiмiзде өскен жiгiттерден артық емес. Арасында бiр-екеуi ғана шығар, Премьер-лигада доп теуiп жүрген. Өзгелерi өздерiн әлi жақсы жағынан көрсете қойған жоқ. Ендi қазiр сол жақта оқып жатқан балаларға үмiт артамыз. Мүмкiн, солардың арасынан үздiктер шығып қалатын шығар. "Басы қатты болса, аяғы тәттi болады” деген сөз бар ғой, ақырын күтейiк.
– Қайрат, ендi қазiргi командаңыз "Қайсардың” халi жайында айтсаңыз. Премьер-лиганың бiрiншi кезеңiн сәтсiз аяқтауға не себеп болды деп ойлайсыз?
– Нақты не себеп болғанын тап басып айту қиын шығар. Бiрде сәттiлiк жетiспедi, бiрде шеберлiгiмiз кемшiн түсiп жатты. Ұтатын кездерде ұпайды қолдан берiп қойдық. Осының барлығы бас бапкердiң қызметiнен кетуiне әкелiп соқты. Негiзi бұған тек жаттықтырушылар емес, бiз де, яғни футболшылар да жауаптымыз. Кейде Дмитрий Алексеевич Огайдың сенiп шақырған жiгiттерi үмiттi ақтамадық-ау деп ойлап қоямын. Басқа футболшылар да өздерiн солай кiнәлi сезiнуде. Кiнәлi тек бiр адам емес қой. Бапкерлерден де қателiк кеткен шығар, бiз де өз қызметiмiздi дұрыс атқара алмадық. Сондықтан команданың атынан жанкүйерлерiмiзден кешiрiм өтiнемiн!
– Ендi Премьер-лиганың екiншi кезеңiнде командадан не күтемiз?
– Жаңа жаттықтырушыны кү­темiз. Қайткен күнде де шегiнерге жол жоқ. Жанкүйер­лерiмiздiң үмiтiн ақтау үшiн барымызды саламыз. Өзiмiз жiберген ағаттықтарды өзiмiз түзеуге тырысамыз. Бәрi дұрыс болады деп ойлаймын. Мау­сым сәтсiз өтiп жатыр деп еңсенi еңкейтiп, мүжiлуге болмайды. Осы орайда облыс басшылығына алғыс бiлдiргiм келедi. Қандай жағдайда болмасын, бiзге қолдауын аяп жат­қан жоқ. Әрдайым матчқа келiп, жанкүйерлiк танытады. Сәтсiз­дiктерiмiзге қарамастан футболға деген оң көзқарасынан айнымады. Мұны дұрыс деп есептеймiн. Бiр күндiк футбол емес қой. Биыл болмаса, келесi жылы жаңа жаттықтырушы, жаңа ойыншылар "Қайсарға” оң өзгерiс алып келедi деп ойлаймын.
– Ендi өзiңiз жайлы. Маусымның басында ескi жарақатыңызға байланысты алаңға сирек шығып жүрдiңiз. Қазiр толық айықтыңыз ба?
– Иә, қазiр өзiмдi былтырғыдай емес, жайлы сезiнемiн. Ойынымды да таба бастағандаймын. Әйтпесе, жылдың басында ескi жарақатым әлсiн-әлсiн мазалап, барынша көсiлуге мүмкiндiк бермей қойды ғой.
Сұхбаттасқан Әзиз Жұмадiл, 
"Қайсар” футбол клубының медиа-офицерi.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: