Руслан Балтиев: Екі алтылыққа бөліну жүйесінен бас тарту - дұрыс шешім
«Қайсар» футбол клубының директоры, бұрынғы футболшы Руслан Балтиев бірінші лига мен премьер-лиганың келесі маусымында енгізілетін өзгерістер жөнінде пікірін білдірді. Бұл жөнінде қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.
- Руслан, келесі жылдан бастап бірінші лигада тек қана қазақстандық футболдың тәрбиеленушілері ойнайды. Бұл қадам қаншалықты маңызды?
- Бүгінде бірінші лигада ойнайтын легионерлердің пайдасы аз. Сол себепті, бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені, бірінші лигада біздің футболшылар ойнауы тиіс. Ал, Қазақстанға келетін легионерлер олардан мықты болуы қажет.
- Бұл шешім чемпионаттың деңгейіне кері әсер етпейді ме?
- Жоқ. Өзіміздің тәрбиеленушілер арқылы футболдың деңгейін көтеру керек. Бірінші лигаға келетін легионерлер чемпионаттың деңгейін көтермейді. Олар кейбір сәттерде турнирлік тапсырманы орындайды. Стратегиялық жағынан бұл клубтарға пайда әкелмейді. Жас футболшылардың дамуына көмектеспейді.
- Келесі жылдан бастап Қазақстан Премьер-лигасында клубтардың саны 14-ке дейін жетеді. Бұл шешім жөнінде қандай пікір білдіресіз?
- Өзімнің жеке пікірімді білдіргім келеді. Менің ойымша, Қазақстанда командалардың көп болғаны дұрыс. Әр облыстан премьер-лигада бір команда болуы тиіс. Кез келген жанкүйер «Астана», «Қайрат» және «Ақтөбе» ойынын стадионға келіп қарайды. Бұл бірінші лига ойындарынан әлдеқайда қызықты. Сол себепті премьер-лигада әр облыстан бір команда болуы керек, бұл өңірлерде футболдың дамуына серпін береді. Бұл аса маңызды, өйткені аймақтарда үлкен футболға жақын болғысы келетін балалардың саны өте көп. Бірақ, олардың барлығының мүмкіндігі жоқ.
- Қазақстан Премьер-лигасының екі алтылыққа бөліну жүйесінен бас тарту шешімі туралы айтып өтсеңіз...
- Бір командамен бір маусымда төрт ойын, кейде алты ойын өткізу қиын. Сол уақытта екінші алтылықтың командалары бір-бірімен ойнайды. Кейде, олардың кездесуінің мағынасы жоғалады. Турнирлік тапсыраманы орындай алмаған командалар бұл уақытта ойыннан әсер ала алмайды. Тартыс чемпионаттың соңына дейін жүруі тиіс. Команда бірінші кезеңде сүреңсіз ойын өрнегін көрсетіп, екінші кезеңде барлық ойында жеңіске жетуі мүмкін. Сол себепті бірінші алтылыққа енбеген команда үшін қызығушылық жоқ. Олар жүлдеге таласа алмайды. Оның үстіне чемпионаттың тек жартысы аяқталады, ал алдағы уақытта барлығын түзетуге мүмкіндік болар еді. Бұл - дұрыс шешім. Дегенмен көптеген даулы сұрақтар болады. Бұл шешімді қолдайтындар да, қарсы шығатындар да бар. Ең бастысы, кез келген шешім футболды дамытуға үлес қосуы тиіс.