Facebook VK WhatsApp Instagram

Тарих

0

Төлегетай - Қылышты ата кешенді-мазары 

Қылышты ата өз заманының батыры, әрі ерекше қасиетке ие әулие адам болған деседі. Халық арасына тараған аңызға сүйенсек, көлікті адам көлігінен түсіп зиярат етпесе өзі немесе аты майып болады екен.
Басына түнеп перзент тілегендер мен кеселденгендерге Алланың күшімен шипа беріп отырады. Қылышты атаның әкесі Камаладдин Меккеден келіп Қырөзгент шаһарының патшасы Әбубәкір Сыдық ұрпағы Ілгімағзұмның қызына үйленеді. Содан көп кешікпей Меккеге қайтып келеді. Қылышты ата шеше ішінде қалып, өскенде аспаннан қылыш пен ақбоз ат түсіп, 1001 бәлеге қарсы тұрған. Уәзірлері мен билері алдына келгенде қылышы күн сәулесіне шағылысып, қылыштың жүзіне қонған шыбын екіге бөлініп түсе беретін болыпты. Онысы «Кімде-кім адал болмаса осындай жаза алады» дегені екен. Міне, осыдан бастап Қылышты ата атаныпты.
Қылышты ата туралы «Бабырнама», Камилқан Қаттаевтың «Махдуми Ағзам және Дағбед», Ақсақ Темірдің өмірі туралы Шарафиддин Али Аздидің «Зафарнама» кітаптарында жазылған.
Қылышты ата кесенесі Төлегетай баба кесенесімен қатар Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы орталығынан 30 шақырымдай қашықтықта орналасқан.
Төлегетай – Қылышты атаға өкіл бала болып тәрбиесін алып, қойын бағады. Бір күні Қылышты ата Төлегетайды сынайды. Сөйтсе сусыз құм ішінде Төлегетай аса таяғымен жер сызып су шығарып, қой суарып жүр екен. Баланың жетілгенін біліп, өз қызын беріп күйеу бала етеді.
Төлегетайдан төрт ата Найман тарайды. Қылышты ата дүниеден өтерінде менің қабатыма Төлекті қойыңдар, зияратқа келген адам бірінші Төлекке дұға оқып, сосын маған келсін деген екен. Шындыққа жүгінгенде бүкіл Найман ұрпағының түп атасы Төлегетай екендігі негізделуде.
Төлегетай бабамыздың шығу тегіндегі ел аузындағы әңгімеге жүгінсек:
Баяғы жауапкершілік заманда жау қалың қолмен келіп Найманның ауылын шабады. Найман жас кезінде қол бастаған батыр болғанымен, бұл жау шапқан уақытта жасы сексеннен асқан шағы екен. Бұрын Наймандардан қайта-қайта жеңіліп жүрген жаудың ашуланғаны сонша Найман шалдан басқа еркек кіндіктіні қалдырмай қырып тастайды. Енді Найман шалға қандай жаза қолданамыз дегенде, бір қаныпезері тұрып: «Дүниеде ұрпақсыз өткеннен ауыр жаза жоқ, осыны көзімен көріп азаптанып өлсін. Тоқсанға жақындаған шалдың қолынан не келеді, мұны тірі қалдырайық», - депті. Осы пәтуаға келісіп, жау аттарының басын кері бұрып, келген жақтарына қарай шаба жөнеліпті.
Осы шайқаста Найман шалдың батыр ұлы Тоқпан да оққа ұшып, жас келіншегі Ақсұлу да жесір қалыпты. Оның да перзенті жоқ екен. Енді бір ұрпақтың, бір әулеттің жер бетінен жойылып кету қауіпі туады. Осыны ойлаған Ақсұлу атасы Найман шалға төркін жұртындағы Тоқсұлу деген сіңлісін қосады. Тоқсұлу өзінен кіші болғанымен Ақсұлу оны: «Қызеней» деп атап кетеді. Сонымен, Тоқсұлу жүкті атанып, ұл табады. Көп ұзамай Найман ақсақал қаза табады. Баланың атын бір әулеттен қалған белгі ғой деп «Белгібай» қояды (Кейде «Өкіреш» деп те аталады)
Ақсұлу кішкентай қайнысы Белгібай он алтыға толғанша күтіп, өзі отыз беске келгенде соған қосылады. Белгібай мен Ақсұлудан – Сүйініш, Сүйініштен – Төлегетай дүниеге келеді. Ал Төлегетайдан – Қытай, одан – «Төрт Төлегетай» атанған: Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл деген ұлдары дүниеге келеді.
Белгібай Ақсұлудан кейін де бірнеше әйелге үйленген. Олардан: Сүгірше, Серікбай, Келбұқа, Кетбұқа деген ұлдар дүниеге келеді. Шежіре бойынша, тоғыз таңбалы қалың Найман осылардан тарайды. Енді бұларды таратыңқырап айтар болсақ, тоғыз таңбаның алғашқы төртеуі бәйбіше Ақсұлудан тараған «Төрт Төлегетай» - Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуылға тиесілі болса, кейінгі үш таңбаны Сүгіршенің Саржомартынан өрбіген «Ергенекті» - Көкжарлы, Бура, Қарабай иеленді. Соңғы екі таңба – Кетбұқадан тарайтын Бағаналы мен Балталыға тиеді. Ал Келбұқадан тарайтындарға таңба жетпей қалып, бір ағасының таңбасын теріс басып «Терістаңбалы атаныпты. Бірақ оған «Исі Найманның ноқта ағасы» деген жоғары мәртебе беріліпті.
Төлегетай баба – ХІІ ғасырдың басындағы Күшілік ханның ұрпағы. Наймандарды жер-жерлерге бөлген кезде Төлегетай ежелгі Өзгент-Түркістан өңіріне жіберіледі. Бұрын да бірінің атағын сырттай білетін Төлегетай мен Қылышты Сыр өңірінде кез болып, бірін-бірі құрмет тұтып өтеді.
Бұл күнде қатар жатқан қос әулие – Қылышты ата мен Төлегетай бабаның басына жаңадан келісті қос кесене тұрғызылған.

Еркебұлан ЕЛЕУОВ,
Қызылорда облыстық тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: