Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі қорында қазіргі күнде 10326 дана жәдігер бар. Оның ішінде 1000-ға жуық этнографиялық коллекцияға ие. Коллекциядағы жәдігерлердің басым бөлігі ХІХ-ХХ ғасырларға мерзімделеді. Этнографиялық коллекция қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін кешенді көрсетуге мүмкіндік береді және олардың көпшілігі сирек кездесетін тарихи-мәдени құндылық болып есептеледі. Музейдің ең алғашқы этнографиялық түсімдері ретінде ат әбзелі – құранды ер, ер қаруы – бес қару, зергерлік бұйымдар, киіз үй коллекцияларынан түкті және түксіз кілемдер мен ыдыс-аяқ сақтауға арналған қап – кесеқап, Құран тұғыры – күрсі, қымыз құюға арналған тері ыдыс – торсық, сонымен қатар Сауранбай болыстың кебежесі мен ағаш табағын, Марқа Қобландиннің оюлы сандығын атап өтуге болады.
Ер-тоқым немесе ер тұрман — салт атқа мініп жүру үшін пайдаланылатын әбзелдердің бірі. Көне заманнан бері көшпелі халықтың өмір қажетіне сай қалыптасқан айрықша құрал-жабдық және өнер туындысы. Ер-тұрманның құрамына: ер, үзеңгі, құйысқан, өмілдірік, жүген, тоқым, ат жабу, тартпа кіреді. Бұл әбзел түрлері ғасырлар бойы қалыптасқан орындау шеберлігі, халықтың эстетикалық талғамы және жылқы малына деген ерекше қарым-қатынас дәстүрі жайлы көрініс береді.
Адам баласының атты ауыздықтап мінуі және ер-тұрманды ойлап табуы шын мәнінде ұлы жаңалық болды. VI–VII ғасырлар аясында көшпелі түріктер әлемінде ер-тоқым қатты, қасы тігінен жасалып, ол негізінен жаугершілікте қолданылатын болған. Осылайша, үзеңгілі қатты ер-тоқым өз дамуында екі кезеңді бастан өткерді. Олар: 1. IV-VI ғасырлардағы тұрпайы нұсқалар; 2. VII-VIII ғасырлардағы дамыған және кең тараған нұсқалары.
Бұл кезеңдерде көшпелілердің ер-тұрман жабдықтарын жасауды жақсы игергені сонша, осыған сай ат үстіндегі айқас тәсілдері де өзгеріске түсіп дамыды. С.И.Вайнштейн бұл туралы: «...Үзеңгілерді тұңғыш рет кең көлемде Алтай түркілерінің қолданғанына барлық негіз бар.Олар өмірінің көпшілігін ат үстінде өткізген көшпенді жылқышылар ғана емес, сонымен қатар темір қорыту мен өңдеу ісін өте жоғары шеберлікпен атқара білді. Орталық Азияның көшпенділері ортасында оларды «темір балқытушылар», «теміршілер» деген атпен белгілі болғаны тегін емес...»
Ердің шығуы жайында Орта Азия халықтарында мынадай аңыз бар. «Бірнеше мың жыл бұрын мұсылман патшасы Жәмшид ұзаққа созылған атты жорықтан соң, жарақаттанып қалады. Ауырған жерін жеңілдету үшін атының арқасына иленген нан (қамыр, жайма) салғызып мінеді. Ауырған жері жазылып жайма нанның аттың арқасына келісті формаға келіп қатая бастағанын байқаған патша, аяғының талғанын қойдыру үшін ат үстінен тұзақ тастап, оған аяғын салады, аяғының талғаны тоқтайды. Сонда патша жайма нанның формасындай етіп, ағаш пен былғарыдан зат жасауды бұйырады. Сөйтіп, бұл нәрсені «ер» деп атайды».
Ер өте сапалы, мықты ағаштан шабылады. Ер жасауға қайың, үйеңкі ағаштары пайдаланылады. Соның ішінде құранды ер бірнеше бөлшек ағаштардан құрастырылып жасалған. Құранды ердің шығуының бір себебі қолда бар материалды үнемдеп, ұқыпты пайдалануда жатса керек. Сондай-ақ музей қорындағы құранды ер де жасалу жағынан өте күрделі. Ердің алдыңғы қасы металл пластинамен қапталып нақышталып жасалып, темірмен әшекейленген. Алдыңғы қасы артына қарай жатыңқы, отыруға ыңғайлы етіп жасалған. Ағаштан әдемілеп шауып алған екі қасты, қайыспен екі қапталға мықтап бекітіп, аттық (отыратын жер) шығарып жасаған. Темірден соғылып терімен қақталып жасалған. Құранды ердің биіктігі – 33 см, ұзындығы – 40 см, ені – 33 см.
Қазақ халқының ұмытылып, назардан тыс қалып бара жатқан қолөнер бұйымдарын өскелең ұрпаққа музей қорындағы жәдігерлер негізінде түсіндіріп жеткізу үшін өзіндік үлесімізді қоса береміз.
Салтанат Қуандықова,
аудандық тарихи-
өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері