» » БАРСАКЕЛМЕС АРАЛЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗ НЕ ДЕЙДІ?

БАРСАКЕЛМЕС АРАЛЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗ НЕ ДЕЙДІ?

Айдар: Тарих, Сонғы жаңалықтар

БАРСАКЕЛМЕС АРАЛЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗ НЕ ДЕЙДІ?

 

Арал өңіріндегі тұрғындар арасында Барсакелмес жайлы аңыздар да жетіп-артылады. Солардың бірі былайша желі тарқатады.
Баяғыда осы маңайда тұратын тайпалар арасында жаугершілікке тыйым болмай бара жатқасын Ләтпай деген кісі руластарымен құлақ естіп, көз көрмеген алыс жаққа кетіп қалуға қам жасайды. Теңіздің қақ ортасындағы суы тұщы, шалғыны шүйгін, балығы мол, алуан түрлі аң-құсы бар, сексеуілі қалың ғажайып аралға жетіп алмаққа қам жасалды. Бұлар мұз қатқанда күзер жасап, соның үстімен аралдың төріне жетіп алмақ болады. Сол мақсатта Изенді Арал тұсындағы ақ жартас түбін паналап, шолпанның тууын күтіп отырғанда, олар жаққан оттың маңайына жыртық шапанды, тесік тымақты бір ақсақал келіп, Ләтпайға қарап: «Ол аралдан қорықпаңдар, онда зұлымдық жоқ, қасқыр жоқ, адамдар жоқ. Аралда табиғатты сақтасаңдар, бақытты да ұзақ өмір сүресіңдер. Ұрпақтарың ештеңеден зәрулік көрмейді. Мыңғырған мал болады. Аң-құсты өлтірмеңдер. Аққуларға тимеңдер», – деген екен. Осыны айтқан қария заматында қараңғылық қойнауына сүңгіп жоқ болып кетіпті.
Ләтпай оның Қыдыр екенін іштей сезеді. Ал төбеден Шолпан көрінген сәтте тайпа түгел орнынан қозғалып, мұзды көпір – күзердің үстімен тізбектеліп жүріп өтіп, аралдың қойнауына барып түседі. Қысты осы аралда жақсы өткізген Ләтпай жұрты көктемге қарай тойына бастайды. Қыдыр атаның айтқандары айдай келіп, көп ұзамай олар шектен тыс байи түседі. Осы ұзақ аңыздың ақыры аралдағы ағайынның, баяғы қарияның өсиетін естерінен тарс шығарып сексеуілді отап, аң-құсты қырып, аққуға ауыз сала бастағандықтан бір түнде маңайды түгел жайлаған ордалы жыланның құрдымына айналыпты.

Н.САҒАТҰЛЫ.