XX ғасырдың 60-70 жылдары археология ғылымында петроглифтерге деген аса кызығушылық ғалымдардың жеке-дара зерттеулерінен көрініс тапты. Соңғы жиырма-отыз жылдықта әлем ғалымдары арасында тарихымызға тастағы суреттерді зерттеуге деген ұмтылған жаңаша көзқарастар қалыптастыруда. Осындай көзқарастар аясында туындаған зерттеулер барысында Қазақстанның шексіз таулы-далалы аймақтары да қамтылып, жүздеген петроглифтік орындар анықталды. Олардың біразы ежелгі ғибадатхана орындары, яғни ежелгі адамдардың ұзақ уақыт бойы мекендеген тұрағы, рухани мәдениетінің жетістігі болып табылатын орталықтардан табылған тастағы жазулар. Көне заманда діни ғұрыптық іс-шараларды өткізгенде оны шынайы түрде көрсету мақсатында жасалған тастағы таңбалар осының айғағы. Ашық аспан астында су көздеріне жақын маңда орналасып, түрлі культтік-мистикалық табыну ғұрыптарын жасаған адамдар діни-мифологиялық көріністерін жартас беттеріне түсіруге тырысқан.
Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Еңбекші ауылынан 50 шакырымдай кашықтықта, профессор М.Елеуов басқарған Қожа Ахмет Иассауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің Тұран археологиялық экспедициясы 2004 жылғы зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде, Үлкен Қаратау жотасының оңтүстік-батыс сілеміндегі Сауысқандық шатқалындағы жартастарға салынған суреттердің ірі шоғырланған орындарын зерттеді. Петроглифтер негізінен Үлкен Сауысқандық тауының солтүстік-шығыс етегінде яғни, Бала Сауысқандық өзенінің сол жағалауын бойлай, Бала Сауысқандық тауының, оңтүстік, оңтүстік-батыс беткейінде, шағын Күркіреуік сарқырамасының солтүстік-шығысындағы адырларында орналасқан. Бұл орындарды шартты түрде 9 топқа бөлуге болады.
Аталмыш орынның петроглифтерінің мерзімделу немесе хронологиялық, шекараларын ашып көрсету мәселелеріне келетін болсақ мұндағы суреттер ежелгі қола дәуірінен бастап ортағасырлық кезеңдер мен кейінгі қазақ гравюраларына дейінгі аралықты қамтиды. Негізгі мотивтері антропоморфтык фигуралар, бұқалар, арбалар, түйе және де басқа аң-кұстармен солярлық символдар. Бұлардың барлығы әртүрлі сюжеттермен композицияларға біріккен, сан алуан тұрмыстық діни-таным, мифологиялық ой-өрістермен тікелей байланысты.
Ең көрнекті сюжеттер қатарына колдарына шоқпар ұстаған ер адам бейнелері, көп жағдайларда бастарына аң немесе құс іспеттес маска киіп, үстіне мал терісінен яғни, құйрық терісін калдыра отырып тіккен арнаулы костюм киген абыздар бейнесі қола заманындағы діни-нанымның ерекшеліктерін және оның кейбір ғүрыптық тұстарын көрсетеді. Сауыскандық петроглифтерінде, міне, осындай мәтінде орындалған, бірақ кескінделу пішіні ерекшелеу болып келетін бірін-бірі дәлме-дәл қайталайтын бірнеше көріністер кездеседі, жартылай тізе бүгіп отырған тәрізді бүйірінен кескінделген, аң кұйрықты киім киген тағы басқа да жағдайдарда көрсетілген адамдар бейнесі кең тараған. Ежелгі бейнелер қатарына бір көріністе кездесетін бұқа-турларды айта кетуге болады.
Сауысқандықтың жоғарыда сипатталған ежелгі бейнелерінің хронологиясы, олардың иконогеографиялық кейбір ерекшеліктері сонау палеолит немесе неолит дәуірлеріндегі әйелдер образын беретін шағын скульптураларды еске түсіреді. Дегенмен, Сауысқандықта ашылған суреттер қола дәуіріне жатқандықтан жоғарыда аталған ерекшеліктерін көне стилистикалық әдістердің сарқыншағы ретінде қаруға болады.
Үлкен Қаратау жотасының орналасқан орны бір жағынан Бетпақдала мен Мойынқұм сияқты жазықтығы далалық аймақпен, ал онтүстік, оңтүстік-батысында Сырдария өзенінің жазықтық алқабымен жалғасып жатыр.
Сонымен қатар, қазіргі таңда тарихшы мамандарға молынан таныс Қазақстанмен іргелес аймақтардың петроглифтері арасында кездесетін «битреугольды» стильдегі бейнелердің, Алдыңғы Азия өнеріндегі осындай бейнелермен салыстырып, олардың хронологиялық шеңберін қола дәуіріне жатады деген пікір айтылған. Сауысқандық петроглифтеріндегі бұл көріністегі бейнелерге карай б.з.д. II мыңжылдықтың алғашқы жартысы деген болжам айтуға болады
Қаратау петроглифтерінің мерзімдік ерекшеліктері ежелгі қола дәуірінен бастап, ортағасырлық қазіргі кезеңдерге дейін созылып жатыр. Демек, қола дәуірі – Еуразия кеңістігін қоныстаған сан алуан халықтардың бейнелеу шығармашылығындағы, әсіресе, жартасқа сурет салу өнерінің шарықтау шегіне жеткен кезеңі болып табылады.
Сауысқандық петроглифтері тарихы терең археологиялық ескерткішпен қоса табиғат ландшафтысы ерекше туристтік нысандардың бірі. Оны ЮНЕСКО-ның дүнежүзілік мұралар тізіміне енгізу мақсатында облыстық әкімдік тарапынан қорғау аймағы белгіленіп, ғылыми құжаттамалары мен менеджмент жоспары әзірленді. Бүгінгі күні ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізімінде. Жыл сайын Сауысқандық шатқалында түрлі перес-турлар, туристтік экспедициялар ұйымдастырылуда.