Facebook WhatsApp Instagram

Денсаулық

0

Биыл 451 постковидты оңалту қызметі көрсетілді

Биыл оңалту қызметтерін көрсету үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы облыстың 27 медициналық ұйымымен шарт жасасты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 медициналық ұйымға көп. Жыл басынан бері тәулік бойы жұмыс істейтін ауруханаларда 451 постковидты оңалту қызметтері көрсетілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов баяндады.
- Қазіргі таңда аймақта COVID-19 және коронавирустық пневмониямен ауыратын науқастарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен оңалту қызметтері қол жетімді. COVID-19 және пневмониядан кейін оңалтудың мақсаты - тыныс алу динамикасын жақсарту, мазасыздық пен депрессия белгілерін жою, асқыну қаупін азайту, дененің бұзылған функцияларын қалпына келтіру және өмір сүру сапасын жақсарту, - деді Бақыт Исмаханбетов.
Медициналық оңалту үш кезеңнен тұрады. Біріншісі - оталар мен жарақаттар кезіндегі қалпына келтіру емі. Ол ауруханалардың құрылымдық бөлімшелерінде жүзеге асырылады. Ал екінші кезеңінде мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының, мамандандырылған оңалту орталықтарының, көпсалалы ауруханалардың құрамында өтеді. Оны аурудың басталуынан бастап тоғыз ай ішінде жүргізу ұсынылады. Медициналық оңалту амбулаториялық-емханалық ұйымдарда, күндізгі және тәуліктік емханаларда, оңалту орталықтарында, санаторий-курорттық ұйымдарда, үйдегі стационарларда, сондай-ақ қашықтықтан жүргізілсе, үшінші кезеңге жатады.
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іске асқалы оңалтуға көп мән беріле бастады. Қазіргі таңда оңалту жұмыстарын жандандырып, одан әрі күшейтудеміз. Індетпен ауырғандарға ең бірінші кезекте психологиялық көмек қажет. Біздің орталықта осы негізде біршама жұмыстар жүргізілуде. Шипажайымыз Қаратау бөктерінің жанында орналасқан. Оңалтуға жолдама аймақтық дәрігерге қаралап, денсаулығыңызды зерделеп, қажет деп тапқан жағдайда беріледі.Бізге келгеннен кейін арнайы витаминдер мен ем-домдар жасалады. Қажет болса антибиотиктер беріледі, - деді облыстық оңалту орталығының директоры Ерғабит Ілиясов.
Егер емделушіге медициналық көмектен бас тартылса немесе оның оңалту ережелеріне қатысты сұрақтары туындаса, ол 1406 байланыс орталығына немесе «Qoldau 24/7» мобильдік қосымшасына жүгіне алады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: