17 тамыздан бастап карантин режимі жеңілдетіледі. Осыған орай көптеген кәсіпкерлік субъектілердің жұмысы қайта жанданады. ҚазАқпарат дүйсенбіден бастап қандай өзгерістер болатынына шолу жасады. Осы уақытқа дейін қызметіне тыйым салынбаған нысандар дүйсенбіден әрі жұмысын жалғастыра береді. Осы нысандардан бөлек, сауда және ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы қайта жанданады.
«Егер бұған дейін сауда орталықтарында дәріханалар мен азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істесе, дүйсенбіден бастап сауда орталықтарында бутиктерде де жұмыс істей алады.
Сондай-ақ, сауда желілері мен ашық базарлар жұмыс істей бастайды. Сұлулық салондарының, сұлулық орталықтарының, шаштараздардың, SPA-орталықтарының жұмысына рұқсат етіледі. Бұл нысандардың барлығына қатаң талаптар қойылады», - деді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Сондай-ақ, бизнес нысандары осы талаптарға сай болуы керек. Талаптар ең алдымен, карантинді жеңілдетудің алғашқы кезеңдерінде нысанда адамдардың көп жиналмауына, әлеуметтік қашықтықтың қамтамасыз етілуіне бағытталған.
Ересектер мен балаларға арналған білім беру орталықтары да ашылатынын айта кету керек. Аталған орталықтардың қызметі шектеледі, яғни бір топта 5 адамнан аспауы керек. Ал сабақтар алдын ала жазылу, күшейтілген дезинфекция және әлеуметтік қашықтықты сақтау арқылы жүргізілуі керек.
«Мектепке дейінгі мекемелердің жұмысына да рұқсат етіледі, бірінші кезеңде олар кезекші топтар түрінде жұмыс істейді. Әр жасқа 15 баладан аспайтын кезекші топтар құрылады», - дейді Айжан Есмағамбетова.
Дүйсенбіден бастап ашық аспан астындағы аттракциондарға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда әлеуметтік қашықтықты сақтау, келушілер ағынын реттеу және маска тағу міндетті. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің айтуынша, фитнес орталықтары да жұмысын бастайды. Бастапқы кезеңде фитнес орталықтарда бассейн жұмыс істемейді және әр адам үшін кем дегенде 5 шаршы метр жер қаралуы керек. Сонымен қатар, монша мен сауналар қандай тәртіпте жұмыс істейтіні белгілі болды. Бастапқы кезеңде монша мен сауналардың жұмысы бассейнсіз жұмыс жасайды. Нысанның іші 50% бос болуы керек және әр келушіге кем дегенде 4 шаршы метр аумақтан келуі тиіс. А.Есмағамбетова атап өткендей, коронавирустың таралу санын азайту бойынша қол жеткізілген динамиканы сақтап қалу қажет. «Яғни, Қазақстандағы коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын сипаттайтын динамиканы сақтап қалу керек. Сондықтан, бірінші кезеңде қашықтан жұмыс істеу бойынша 80/20 қатынасы сақталады. Мүмкіндігінше, қашықтан жұмыс форматын сақтап, жұмысқа қызметкерлердің 20% ғана келгені дұрыс», - дейді ол. Қоғамдық көлік қозғалысы қайта жанданады, бірақ қойылатын талаптар күшейтілді. «Қоғамдық көліктер отыратын орындар санына қарай толтырылады. Міндетті талаптар - маска режимі және соңғы аялдамарда дезинфекция жасау. Әлеуметтік қашықтық пен жеке гиниенаны сақтаудың да маңызы зор», - дейді Айжан Есмағамбетова. 17 тамыздан бастап спортшылар мен спорт сүйер қауым үшін де жақсы жаңалық: елімізде ұлттық құрамалар мен спорттық клуб командаларына жаттығуға қайта кірісуге рұқсат етіледі. «Тұрғындарға спортпен шұғылдануға рұқсат етіледі. Бұл – жеке спорт түрлері, ашық аспан астында топтық жаттығулар. Жаттығу жасайтындар саны 5 адамнан аспауы керек және әлеуметтік қашықтықты сақтауға міндетті. Бұған қоса, біз спорттық базаларда 30 адамнан аспайтын жағдайда және ұлттық профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар сақталатын болса, ұлттық құрама командаларға, спорттық клубы командаларына спорттық жаттығулар өткізуге рұқсат бердік. Халық үшін бір отбасы мүшелерін қоспағанда көшеде 3 адамнан көп жүруге рұқсат етілмейді. Саябақтарға, алаңдарға, жағалауларға, яғни ашық аспан астындағы барлық нысандарға баруға болады. Бірақ әлеуметтік қашықтықты қадағалау керек», - дейді ол. Ал бассейндерді ашу карантиндік шараларды жеңілдетудің екінші кезеңінде қаралады. Яғни, эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы мен оның жақсаруына айрықша екпін қойылады.
«Бассейндерге айтарлықтай қатаң талаптарды қоямыз. Сәйкесінше, бизнес-қоғамдастық бұл талаптарға дайын болуы тиіс», - дейді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.
Айта кетейік, 13 тамызда ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында Карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары бекітілді.
Айта кетейік, коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары сақталады.
«Не себепті демалыс күндері локдаунды сақтаймыз? Бірінші мақсат – қол жеткізілген көрсеткіштердің оңтайлы динамикасын сақтау. Инфекцияның таралуында басты себеп не? Ол - адамдардың қарым-қатынасы. Өздеріңіз жақсы білесіздер, демалыс күндері адамдардың өзара қарым-қатынасы көбейеді, тұрғындардың сапарға шығуы артады», - дейді Айжан Есмағамбетова.