Дәстүрлi «Денсаулық фестивалi» Қармақшы ауданында «Біз – салауатты өмір салтын ұстанамыз» ұранымен шымылдығын түрдi.
Фестивальде кент орталығындағы денсаулық сақтау, бiлiм, мәдениет мекемелерiнiң қызметкерлерi мен оқу орындарының ұжымдары да айрықша белсендiлiк танытты. Көпшiлiктi бiрiншi байлықты сақтау мен нығайтуға, салауатты өмiр салтын ұстануға үндеген iс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Ж.Сүйеубаев жиылған жұртшылықты құттықтап, шараға қатысушыларға сәттілік тіледі. Орталық алаңда көпшiлiк қауым қатысқан фестиваль жалпыхалықтық жаттығу жасаудан басталды. Аяқ-қолын түрлi қозғалысқа келтiрiп жаппай жаттыққандардың қарасы мол. Жиналғандардың назарына түрлі спорт түрлерiнен жаттығу үлгiлерi ұсынылды. Сонымен қатар, кент тұрғындары мен қонақтарына медициналық кеңес беру мақсатында медициналық қалашық ұйымдастырылып, онда қан қысымын анықтау, салмақ өлшеу, флюра автокөлігі қызметі, УЗИ, ЭКГ, глюкометр сияқты дәрігерлік қызметтер ұсынылды. Дұрыс тамақтану, дәрумендер, тiс күтiмi, тағы басқа тақырыптарда баннерлер жасап, көпшiлiктi салауатты өмiр салтын ұстануға, дұрыс тамақтануға үндейтiн денсаулықты күтуге арналған түрлi ақпараттық-бiлiм беру материалдары таратылды.