Тұңғыш Президент күніне арналған республикалық конференция өтті
Сыр елінде облыс әкімдігінің бастамасымен Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен "Рухани жаңғыру" орталығының ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға Нұр-Сұлтан қаласынан онлайн байланыс арқылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева қатысып, Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын қалыптастырудағы жасампаздық қызметін атап өтті. Сонымен бірге жиынға облыстық мәслихат хатшысы, академик Қылышбай Бисенов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, академик, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Сайлыбаев және жоғары оқу орындары басшылары мен ғалымдар, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Алдымен коференция қонақтары «Елбасы және Сыр елі» тарихи-құжаттық көрмесімен танысты. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет конференция қатысушыларын мерейлі мерекемен құттықтап, Елбасының өңірге ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
- Тарихи тұлға ретіндегі Тұңғыш Президентіміз туралы айтқанда, онымен байланысты бірқатар ұғымдар еске түседі. Мысалы, "Тәуелсіздік", "Ядролық қарусыз әлем", "Қазақстан халқы Ассамблеясы", "Жаңа Астана". Енді сол ұғымдардың ажырамас бөлігі ретінде "Сыр - Алаштың анасы" сөз тіркесін қолданып келеміз. Бүгінде бұл сөз жерлестеріміздің рухы мен мәртебесін көтеретін ұранға айналды,-деді Серік Ахмет.
Конференцияда сөз алған облыстық мәслихат хатшысы, академик Қылышбай Бисенов «Тәуелсіздік.Елбасы және Сыр өңірі» тақырыбында баяндама жасап, Тұңғыш Президенттің аймаққа келген әрбір сапары барысында бастау берген серпінді жобаларына ерекше тоқталып, жылнамалық талдау жасаса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, академик, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев «Тұңғыш Президент күні – мемлекеттілікке құрмет күні» баяндамасында Қазақ даласындағы мемлекеттілік институттың қалыптасу үдерісін әлемдік тәжірибемен салыстыра отырып, «Қазақстандық жол» феноменін түсіндіріп берді. Ал, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас «Елбасы тәжірибесі: экзистенциализмнен гуманистік үдеріске ұмтылыс» тақырыбында Ұлт көшбасшысының тұлғалық, еліміздің тағдыршешті жобаларындағы рөлін атап өтті.
Конференция жұмысы «Елбасы және Қазақстан халқы Ассамблеясы: жасампаз 25 жыл», «Тұңғыш Президент және Арал аймағы: экологиялық апаттан «Ғасыр жобасына», «Сыр Алаштың анасы: тарихи-мәдени сабақтастық» тақырыбындағы секциялық жұмысымен қорытындыланды.