Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевтың ескерткіш-мүсінінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
«Әр тарихи кезеңнің халқымыз үшін өз орны бары белгілі. Сол қоғамның дамуы мен өркендеуіне, ел іргесінің берік болып, халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағының сақталуына еңбегі сіңген тұлғаларды еске алып, есімін ардақтау – елдік парызымыз. Сондай ардақты азаматтардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ақбалаұлы Ергешбаев. Нәлқожа Ақбалаұлы - Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуында із қалдырған қайраткер азамат. Ол «Қазақ ауылшаруашылығы техникасы» облыстық бірлестігіне төраға болған тұста техниканы сақтайтын, жөндейтін арнаулы орындар ашу мәселесін алғашқы болып көтеріп, оны жүйелі жүзеге асырған басшылардың бірі ретінде ел есінде қалды», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.