Қызылорда облысын буферлік аймақтан шығару мақсатында аусыл ауруына қарсы егу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, облыс аумағын және еліміздің таза аймақтарын аусыл ауруынан қорғау мақсатында сырттан келетін және аймақтан шығарылатын жануарлардың қозғалысына күнделікті бақылау орнатылған.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов хабарлады.
«Өздеріңіз білесіздер, Елбасы ет экспортының әлеуетін арттыру мақсатында шет мемлекеттерге ет және ет өнімдерін өткізуді тапсырған болатын. Осы ретте Біріккен Араб Әмірлігімен, Иран және Ресей Федерациясының Астрахань облысымен келіссөздер жүргізілді. Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің қоятын ветеринариялық талаптары бар. Бұл ретте мал сою және мал бордақылау алаңдары сол талаптарға сай болуы керек. Осыған сәйкес былтырғы жылы Қазалы ауданындағы «Сыр Маржаны» шаруа қожалығы ЕАЭО мүше елдерінің ветеринариялық талаптарға сәйкес шаруашылықтар тізіміне енгізілді. Алдағы кезеңдерде аталған шаруашылықтың экспортқа ет шығару мүмкіншілігі жоғары» - деді басқарма басшысы.
Ағымдағы жылы эпизоотиялық іс-шаралардың алдын алу мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруға қарсы 5906 мың доза ветеринариялық препараттар және осы іс-шараларды толық атқаруға 678,4 млн. теңге қаржы бөлінген.