Биыл облыста 188,2 мың гектарға егін егу межеленіп отыр. Негізгі дақыл күріштің көлемі 5,1 мың гектарға азайтылады. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев хабарлады.
Осы жылы әртараптандыру бағыты бойынша дәнді, майлы дақылдарға баса мән беріліп отыр. Көктемде 96,6 мың гектарға дәндi дақыл, 6,7 мың гектарға майлы және 66,4 мың гектарға мал азықтық, және 18,4 мың гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылы егіледі.
«Қазір тұқым тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы егін маусымына 21 090 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы, 638 тонна жаздық бидай, 50,4 тонна арпа, 8,6 тонна тары, 215,6 тонна жоңышқа және 164,2 тонна мақсары тұқымы қажет.
Сондай-ақ шаруашылықтар тарапынан минералдық тыңайтқыштардың 25 мың тоннасы, 5925 литр гербицид сатып алынды. Бұған қоса, көктемгі егінге су алуға қатысты жұмыстар жасалуда», деді басқарма басшысы.
Көктемгі дала жұмыстарына 1821 трактор, 465 соқа, 229 тұқым сепкіш, 343 автомашина және 810 трактор тіркемесі қатысады. Қазір 1088 трактор, 287 соқа, 138 тұқым сепкіш, 235 жүк көлігі, 531 трактор тіркемесі жөндеуден өтті.