Қызылорда гарнизонында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Әскери-техникалық мектебінің» Қызылорда қаласындағы филиалының курсанттары оқу жоспарына сай екінші рет әскери ант қабылдау алдында қарудан атыс өткізді.
Әскери-техникалық мектептің курсанттары өздерінің әскери ант қабылдау рәсіміне дейін екі рет қарудан оқ ату тәжірибесінен өтетіні белгілі. Соның алғашқы оқ ату іс-тәжірибесінен өткен курсанттар екінші рет өткен атысты да аяқтады. Тактикалық даярлықты жете меңгерген сарбаздардың екінші атыстағы көрсеткен нәтижелері бірінші нәтижелерінен жақсы. Атыс кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормалар сақталды. Әскери теориялық сабақтарды меңгеріп, әскери тәртіпке бой алдырған және білімдерін атыс алаңында қару ұстап шыңдап жатқан сарбаздардың қуаныш сезімдері жоғары. Өйткені, алдағы бес күннен соң әскери ант қабылдау рәсімі өтеді.
- Атыс алаңына алғашқы мәрте қарудан оқ атуға келгендегідей емес, қазір өзіме сенімім мол. Нәтижем де алғашқысына қарағанда анағұрлым жоғары деңгейде. Осының бәрі уақытылы оқытылған теориялық сабақтардың нәтижесі деп білемін. Бүгін өзімізді нағыз сарбаз ретінде сезінген күн болды, - деді Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебінің курсанты Мұрат Жақсылықов.
Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебі қысқа мерзім аралығында курсанттардың қарудан оқ атуынан басқа да көптеген әскери өмірдің қыр-сырын меңгеруіне мүмкіндіктер береді. Мектепті аяқтаған сарбаздар ішінен Қарулы Күштерімізге қызмет ететін азаматтардың саны да артып келеді.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы сержант Мұхит Қонаров