Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Ғаламтордағы радикалды идеологияға қалай қарсы тұрамыз?

Ислам діні атын жамылып  деструктивті діни ағымдардың жақтастары кeз-келген бағыт бойынша, соның ішіндe ғаламтор арқылы жастарымыздың санасын улап, қоғамға іріткі салып бағуда. Бұл тұрғыда әлеуметтiк жeлінің пайдасынан зияны басымырақ екені күн өткен сайын дәлелденіп келеді. Мысалы, деструктивті діни ағымның жeтегінде кеткендердің 88% пайызына түрлі әлеуметтік желілердің әсер еткені белгілі.
Таяу Шығыста белең алған лаңкестік әрекеттeрімен танылған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымы әлeуметтік медиа және ғаламторлық тeхнологиялық қосымшаларды пайдалану арқылы өзге елдерден келген содырлармен қатарын көбейтті. Әлем бойынша ұйымдарға қосылушылардың 80% - дан астамы онлайн ой мен ұсыныстардың құрбандары. Олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы осал, толық қалыптаспаған және діни сауаты жоқ, жұмыссыз жандар. 
Интернет кеңістігіне еркін бойлаған теріс ағым ұйымдары өздерінің идеологиясын түрлендіре насихаттап, жасаққа жаңа мүшелердi тартып, оларды теориялық және практикалық тұрғыдан оқытады және төзімсіздік танытқан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүргізеді. Деструктивті діни ағымға ерушілердің діни сенімі мен ұстанымдары біздің қоғам мен мемлекетке қырын келеді әрі агрессиялық сипатта. Адам бойында қалыптасқан көзқарастық агрессия түбінде төңкерісті іс-қимылға әкелуі әбден мүмкін. Бұған еліміздің бірнеше аймағында орын алған террорлық оқиғалар дәлел. Радикалды ағымдар көбінесе  «Facebook», «Вконтакте», "Tapatalk", «Одноклассники», «Instagram», «Telegram», «Tik-tok» әлеуметтік желілерінде кең қолданысқа ие. Экстремистер желіге жіпсіз байланған  жастарды аңдып-зерттеп, шабуылдар жасайды, назар аударту мақсатында түрлі форматта контент жасайды. Әсіресе, жасөспірімдер арасында танымал болған «Tiktok»  таптырмас құрал.  
Контентті дайындап тарататындар негізінен террористік ұйымның соғыс алаңдарында жүрген адамдары емес, деструктивті дiни ағымның жақтаушылары болып табылатын өз үйінде, компьютер алдында отырған азаматтар. "Telegram" әлеуметтік желісі  сөйлесу құралынан бөлек, материалдарды шексіз сақтауға мол мүмкіндігі бар екенін білді. Деструктивті діни ағымның "Telegram" әлеуметтік желiсін қолданушылары өздерінің топтарына бұғат қойылған соң "Telegram-ға" балама ретiнде «Tapatalk» бағдарламасын қолдануды өз араларында ұсынып, жаңа бағдарламаны қолдануға көшуде. Мұндай ауыспалы шаралар жалғаса береді. Айтпақшы, «Instagram-да» насихатқа аса қажетті желі. Мұнда жат ағымның  жақтастары мыңдаған тіркелушілерді тез жинайды. Сонымен қатар, олар жихадшы-террористердің күнделікті өмірін шөл даладағы әсем көрініспен, балалардың тәтті күлкісімен, қаруларын асынып, тату-тәтті отбасылық суреттермен көрсетеді. Міне, осы сырт көзге бәрі «тамаша» боп көрінген суреттегі, бейнероликтегі өмірге әлеуметтік желідегі тіркелушілер арбалып, соңы сан соқтырады.  Себебі, негiзінен жастар мен орта буын өкілдері көптеп отыратын бұл платформаларда деструктивті, радикалды идеялар тез таралып, мақсатты аудиториясына жетіп отырады. Бұған дәлел еліміздегі экстремизм баптарымен сотталғандардың көбісі осы желілерде белсенді ақпараттық жұмыстармен айналысқандар.  
Әлеуметтiк желілерде «Виртуалды Халифат» деген ұғым қалыптасып келеді. Бұл «Виртуалды» қоғамда өмір сүретін адамдар шариғатпен емес, әлеуметтік желілердің жазылмаған заңдылықтарымен жүреді. Сондықтан бүгінгі таңда ақпараттық қауiпсіздік күн тәртібіндегі ең бiр өзекті мәселеге айналып отыр. Деструктивті діни ағымдардың идеологтары ұсынатын контенттер өте әсерлі, қысқа, түсінікті әр түрлі форматта болып келеді. ЛГБТ-ға қатысты толеранттылыққа деген мақсатта астыртын ол қауымды да өз ұйымына кіргізуде. Осыдан-ақ террористік ұйымдардың қандай жоспарда, қалай жұмыс жасайтынына мән берсек екен.  Ғаламтор бетінде тағы қандай контент ұсынады дейтін болсақ, ол тұрмысқа шықпаған, қыздарға арналған танысу сайттарының белең алуы. 
Дискуссияға тартудың  түрлі факторлары.
Ғаламторда тағы бір ұсынылатын контент – ол қайырымдылық жасау, өз  парақшаларында құран аяттары мен сүннет амалдары, сауда саласында жарнамалар т.б ақпараттық материал жариялау. Аудиториясын жинап алғаннан кейін өздерінің уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алады. Олар  материалдарын сапалы форматта (бірдей фон, әр материал бірдей форматта,)  дайындайды. Желі қолданушыларының назарын аударатын инфографикалық және  анимациялық роликтер мен көз тартарлық дизайнды қолданады. Кейбір сайттарында халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Бірақ исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнiнде халықтың дәстүрлi діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуi мүмкін. 
Деструктивті діни ағымның өкілдері, яғни миссионерлер өз нанымдарын таратуда әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланатынын жаздық. Мәселен, заң аясында тіркеліп, жария жұмыс атқарған сияқты көрінгенімен, көп шаруасын астарлы түрде істейді. Заман талабына  сай QR-код арқылы жақтастарын көбейтеді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, білімсіздік, теріс ақпарат – жастардың радикалдық ағымдарға өтіп кетуіне себепші болады. Сондықтан құқық қорғау органдарының мамандары көшеде тегін таратылатын материалдарды алмауға кеңес береді. Діни әдебиет сатуға рұқсат беретін арнайы лицензиясы жоқ сауда орындарында сатылатын кітаптарды (сараптамадан өтпеген) алмаған жөн. Елімізде күмәнді бағыттағы діни ақпараттарды тарататын сайттарға әрдайым талдау жасалып, бұғаттау жұмыстары да жасалып отырады. Мәселен, 2018 жылы 8,3 мыңнан астам интернет-ресурстың мазмұнына талдау жасалып, 2,2 мыңнан астам заңға қайшы ақпарат көздері анықталған. Ал 2019 жылы 5,3 мыңнан астам талдау жүргізіліп, 2,3 мыңнан астамы заңға қайшы келетін мәлімет бұғатталды. Күмәнді контенттің дені шетелдік экстремистік уағызшылардың лекциясы. Соған қарамастан, деструктивті бағыттағы идеологиялық топтар өз насихаттарын жалғастыруға тырысуда. Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын жат ағымдардан барынша сақтану қажет. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды ұлықтау - жастарды дұрыс жолдан жыра кеткен ағымдардан құтқарып қалу жолындағы бір тәсіл. Ел бірлігi мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтiретін діни ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет.

Нұрлан Тәшімов, 
Қызылорда облысының дін істер басқармасы
Дін мәселелерін зерттеу орталығының
бөлім басшысы

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: