Қызылордада қайырымдылық қоры жұмысын жыл бойы жүргізеді
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жанынан құрылған "Зекет және қайырымдылық" қоры жыл бойы қайырымдылық шараларын дәстүрлі түрде жүргізіп келеді.
Биыл қордың бастамасымен рамазан айында "Ел үлесі пәтерге" жобасы бойынша облысымыздағы 1 отбасыға баспана сыйлады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ҚМДБ "Зекет және қайырымдылық" қорының облыс бойынша өкілі Оңталап Жидебаев мәлімдеді.
- Тұрғындардың қолдауымен "Өмірге үміт сыйла" акциямыздың шеңберіне аймағымыздағы дертке шалдыққан 4 баланың емделуіне қаражат бөлдік. «Аналарға алғыс» атты шара аясында 500 отбасыға, «Жетім көрсең жебей жүр» жобасымен 450 отбасыға, «Қайырымдылық жасассаң қайырын өзің көресің» бастамасымен 1300 отбасыға қайырымдылық көрсетілді. Облыстық медицина орталығына 100 адамға, Жедел жәрдем орталығына 70 адамға, қалалық ауруханадағы 200 қызметкерге ауыз ашар қоржынын үлестірдік. Республикалық "Берекелі рамазан" акциясы бойынша 1400 отбасыға қайырымдылық жасалды, - деді қордың өңірдегі жетекшісі Оңталап Тасболатұлы.
Сонымен қатар, "Зекет және қайырымдылық" қоры рамазан айында 60 отбасыға қаржылай көмек көрсетсе, аймағымыздағы мыңдаған тұрмысы төмен отбасыға азық-түлік және т.б қолдаулар жасалды. Айта кетейік, игі істердің ұйытқысы болған қордың сауапты істері мен қайырымдылық тек ораза кезінде ғана емес жыл бойы жүргізіледі.