Бүгінде Шиелі ауданында кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейткен азаматтардың қатары артып келеді. Соның бірі Ақтоған ауылының тумасы – Бауыржан Нұрманов.
Ол ағашқа бар күш-жігерін салып, тұрмысқа керекті әртүрлі жиһаз жасаумен айналысады. Қол өнердің осы түрін өзіне кәсіп еткеніне үш жылдың жүзі болды. Ағаштан түрлі бұйымдар жасайтын ерекше қабілетінің арқасында бүгінгі күні мол табысқа кенеліп отыр.
«Шебердің қолы ортақ» – дегенді Бауыржан Нұрманов есінен шығарған емес. Өйткені ағашты ойып, тұрмыстық жиһаздар жасау оның бүгінгі кәсібі. Балалық шағынан балғаға әуес Бауыржан жастайынан ағаштан тұрмысқа қажетті заттарды жасап келеді. Қос қолынан өнер тамған ағаш ұстасы жеке кәсіп ашып, кәсіпкерлікті қолға алғалы да 3 жылдан астам уақыт өткен. Ол «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы мемлекеттен 252 мың теңге қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін айналымға ендірді. Алған несиеге ағашты ойып, қашайтын құралдарын алды. Ағашты қашап, сүргілеудің қыр-сырын әбден меңгерген Бауыржан шағын жиһаз цехін ашып, тапсырыспен ағаштан түрлі тұрмысқа қажетті асхана үстелі, шәй үстелі, сәнді де сапасы мықты шкаф, сандық, қол жуғыш жасап көпшіліктің алғысын алуда. Ал жаз мезгілінде тұрғындар тарапынан тор есік-терезеге сұраныс артады. Бұл заттардың қатары қазірде түрлі жиһазбен толықты. Цехта тапсырыс берушінің қалауына орай түрлі жиһаз дайындалып, тұтыныушының талғамына сай қылып жасап беруде.
– Бүгінде өз кәсібін ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Жалпы өз кәсібіме тоқталсам, сырт көзге оңай көрінгенмен көп уақыт пен ептілікті талап етеді. Көз майыңды тауысады. Сосын аса сабырлықты, шыдамдылықты, ұқыптылықты қажет етеді. Қазір қасымда өзімнен бөлек бір шебер жұмыс істейді. Қолымнан келгенді кейінгілерге үйретсем деп ойлаймын. Бірақ, бүгінгі күні ешкім қамалып жұмыс жасағысы келмейді», – деп кейіпкеріміз ойын ашық жеткізді.