Қазіргі таңда облыста 146 жанар-жағармай бекеті бар. Бүгінде орташа есеппен АИ-92 бензині 170,4 теңге, АИ-95-188,2 теңге, дизель отыны 188 теңгенің шамасында сатылуда. Жалпы соңғы мәліметке сәйкес, аймақта АИ-92 314,6 тонна, дизель 3153,9 тонна қоры бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникаицялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов мәлімдеді.
- Облыста бір күнде ең жоғарғы сұранысқа ие АИ-92 бензиннің қажеттілігі орташа есеппен 215 тонна. Ал дизель отыны – 133 тоннаны құрайды. Бұл ретте АИ-92 бензині 14 күнге, дизель отыны 23 күнге жетеді деп болжанып отыр, - деді Фердоуси Қожабергенов.
Маусым айының бірінші жартысында «Петро Казахстан Ойл Продактс» зауытының жөндеу жұмыстарына байланысты Шымкент қаласы мен Түкістан облысында газдың жетіспеушілігі орын алды. Аталған жәйт біздің облысқа да кері әсерін тигізді.
- Биылғы жылдың маусым айында Энергетика министрлігіне 8 мың тонна сұйытылған газ алуға өтінім жолданған болатын. Нақты бөлгені 6,9 мың тонна. «Петро Казахстан Ойл Продактс» компаниясынан маусым айына облысқа 1,1 мың тонна газ қаралған. Бірақ әлі толықтай жеткізілген жоқ. Себебі зауыт өткен аптада ғана іске қосылды, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов.
Жақын уақытта облысқа Шымкент қаласындағы мұнай өңдеу зауытынан 530 тонна АИ-92 маркалы бензин және 1553 тонна дизель отыны жеткізіледі.
- Жалпы өзге облыстармен салыстырмалы түрде біздің аймақта жанар-жағармай бағасы төмен. Біздің тарапымыздан сұйытылған газға байланысты талдау жұмыстары жүргізілуде. Егер Заңға қайшы жағдайлар анықталса, міндетті түрде шара қолданамыз, - деді облыс бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы Ерсін Орынбаев.