Сыр елінде «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Аламан дода Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. Ертең, яғни 25 маусым күні сағат 10.00-де Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында болады.
Жыр бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 12 ақын қатысады. Атап айтқанда, Шойбеков Бекарыс (Түркістан қаласы), Қалиев Айбек (Арқалық қаласы), Ережеқызы Әсем (Нұр-Сұлтан қаласы), Шұғатаев Аспанбек (Павлодар қаласы), Ширмединұлы Бауыржан (Орал қаласы), Қуанған Серік (Өскемен қаласы), Тілеутай Айшолпан (Семей қаласы), Рахметов Айдос (Қызылорда қаласы), Ниязов Мұхтар (Қызылорда қаласы), Мансұров Нұрмат (Сырдария ауданы), Қару Нұрзат (Қазалы ауданы) Бақытәліұлы Жамбыл (Қызылорда қаласы).
- Айтысты ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлт өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман жүргізеді. Қазылар алқасының құрамы да жасақталды. Бәйгеге қатысушы барлық ақындарға сәттілік тілеймін, - деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова.
Айтысқа қатысатын 12 ақын Тәуелсіздік жылдарындағы жетістері мен елдік мәселелерді көтеруі шарт. Өнер додасы екі айналымнан тұрады.
- Биыл еліміздің әр өңірінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ақындар айтысы ұйымдастырылуда. Соның бірі Сыр елінде өткелі отыр. Ертеңгі айтыста ақындар Тәуілсіздікті жырлайтын болады. Одан кейін 30 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында «Тәуелсіздік тұмарым» атты аламан бәйге болады. Сондай-ақ, биылғы жылдың ең үлкен жобасы - «Асыл домбыра» атты аламан дода ұйымдастырылады. Бес айтыстан тұрады, 48 ақын қатысуда, - деді ақын, айтыс өнерінің ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманов.