Қызылорда қаласындағы «Брусчатка KZO» нысаны тас төсеніштерді өндіретін цех 2019 жылы жұмысын бастаған. Бұл кәсіпкерлік нысан «Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 млн теңге несие алған.
Мемлекет тарапынан алынған қаражатқа кәсіпкер Назым Анарбекқызы «КаМАЗ» жүк көлігін, өнім шығаруға арналған құрылғылар алып, цех құрылысын жүргізген.
Кәсіпкердің әкесі Анарбек Күнтуаров 7 жыл бұрын қалада брусчатка өнімін шығарумен айналысқан. Алайда кәсіпкер қаражаттың жоқтығынан өз ісін жабады. Қазіргі таңда Анарбек Күнтуаров қызының кәсібін дөңгелетуге атсалысып келеді.
«Цехта күніне 60-100 шаршы метр брусчатка шығарылады. Өнімге қажетті шикізаттар Шиелі, Жаңақорған аудандарынан әкелінеді. Ал өнімнің бағасы түріне қарай шаршы метріне 2500-3000 теңгеден сатылады. Қазіргі таңда өнімге сұраныс көп. Бұған дейін қаладағы мектептерге өз өнімімізді сатып үлгердік», – дейді Анарбек Күнтуаров.
Кәсіпкердің айтуынша, түрлі-түсті тас төсеніштер шаршы метріне 3000 теңгеден сатылса, түссізі 2500 теңгеден сатылуда.