Қазалы ауданында Ерболат Қанатбай есімді домбыра жасаудың хас шебері тұрады. Оның қолынан 5000-нан астам аспап шыққан. Ол жасаған бұйымдарға өнер адамдары мен күйшілер де жоғары баға берген. Ұлттық домбыра күні қарсаңында шебермен тілдесіп, домбыра жасаудың қыр-сырын сұраған болатынбыз.
Ұсталық өнер шеберге әкесінен дарыған. Ол кісі ауыл-аймаққа белгілі ағаш ұстасы болыпты. Бала күнінде шеберханадан шықпайтын ол әрбір бұйымның жасалу жолын меңгерді. Ағаш түрлерін таңдауды білді. Бастапқы кезде күнделікті қолданыстағы заттарды жасап көрді. Қолының ептілігін байқаған әкесі кәсіптің қыр-сырын үйретті.
– Бала күнімнен домбыраға әуес болдым. Есейгенде жасалу жолын зерттедім. Ең алғашқы домбыраны 25 жасымда жасадым. Жиеніме тарту еттім. Дыбысы, бәрі де жақсы шықты. Осылайша, қызығушылығым оянып, тек домбыра жасауды қолға алдым. Мұны кез келген шебер жасайды. Бірақ үнін дөп басу қиын. Сондықтан нағыз ұста үйлесімділікті табу керек. Әр шебердің өз әдісі бар. Маған қалыптың қажеті жоқ. Бәрін қолдан жасаймын. Бір ғана станокты қолданамын. Ол ағашты тілуге арналған. Қалған құрал-жабдықтар ертеден келе жатқан бұйымдар, – дейді шебер.
Айына орташа есеппен 20-дан астам түрін жасап, еліміздің әр түкпіріне жібереді. Бағасы да қалтаға қонымды. Ұста бастапқы бес жылда ойып жасау әдісін қолданды. Қазір заманға бейімделіп өзге шеберлер секілді соңғы үлгідегі әдісті кәдеге жаратып жүр.
– Домбыраны екі түрлі ағаштан жасаймын. Жергілікті қайың мен қарағайдан. Әсіресе, қайыңнан жасалғаны сапалы болады. Көбіне өзге өңірлерден, жоғары оқу орындарынан тапсырыс түседі. Өнер адамдарына сый ретінде ұсынылған кездер болды. Бұрын домбыраны көпшілік Қарақалпақстаннан алдыратын. Бірақ оның ағашы қалың еді. Сондықтан үлкенге ыңғайлы болғанымен, балаларға сай келмеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ағашты жұқартып, салмағын жеңілдеттім. Бала бойына сай еттім. Менің қолымнан шыққан домбыраны арзан бағада алып, әрлеп, бояуын жақсылап жағып, үстіне баға қосып сататындар да бар, – дейді ұста.
Оның айтуынша, ата-бабаларымыздың ұлттық аспаптарын жасауда өз тәсіл-амалдары болған. Сондықтан көне домбыралардың акустикалық қасиеті ерекше. Ерболат әр домбыраның тумысынан өзіне тән үні мен шертер күйі болуы керек деп есептейді. Ағашты жонып, аспап қалыпқа келгеннен кейін «тілін» шығару маңызға ие екенін де айтады. Дыбыстың дұрыс шығуы көбіне аспап бетінің дұрыс жабылуына, акустикалық деңгейі жоғары ағаш түрін таңдауға байланысты екен. Дыбысы қатты болуы үшін домбыраның беті жұқа және бел ағашы мықты болуы керек.