Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жас кәсіпкердің жобасы

Қоғам өмірінде тосыннан жаңалық ашуға адамзат баласы бейімделген. Күн сайын сан мыңдаған ғаламат дүниелер жарыққа шығуда. Адам сенгісіз ғажайыптар қазақы әдет-ғұрыпқа еніп, тұрмыста кеңінен қолданылуда. Соның бірі – түрлі түсті шарлармен безендіру әдісі. Осындай өнерді меңгерген жас кәсіпкер Аружан Қожабай ауданда безендіру жұмысын атқарады.
Қазіргі таңда көпшілік мерекелік іс-шаралар мен туған күндерді, тойларды қалқымалы шарлардың безендірілуімен өткізеді. Бөлме ажарын ашып, айрықша сән беретін бұйымдардың жасалу технологиясы мүлдем бөлек. Қарапайым шарларға қарағанда бұлардың өзіндік қиыншылықтары бар. Шығармашылыққа бағытталатын өнер туындысын Аружан Бақытжанқызы жоғарғы оқу орнында оқып жүріп, үйренеді. Жас кәсіпкердің негізгі мамандығы – «Мектепке дейінгі білім беру ісі». Ол ұстаздарының айтқан ақылын жадына тоқып, жеке кәсібін ашқан.
– Бұл салаға деген қызығушылығым оқуды аяқтаған соң оянды. Себебі негізгі мамандығым бала тәрбиесі болғандықтан безендіру саласы педагогтарға алыс емес деп ойлаймын. Студент кезімізде біз балабақша ішін әрлеп, түрлі бұйымдардан заттар жасап шығаратынбыз. Міне содан кейін биыл аудандық жұмыспен қамту орталығында «Бастау бизнес» кәсіпкерлік курсын оқып, қайтарымсыз грант алуға, яғни жаңа кәсіп бастауға ниеттендім. Курс барысында біз кіріс және шығыс шығындарын дұрыс есептеуді, баға тұрақтылығы қаншалықты пайда әкелетіндігін үйрендік.
Шармен безіндіру саласы көзге оңай көрінгенмен жауапкершілік жүктейтін техникасы бар. Өйткені, әрбір түсті бір-бірімен үйлестіре білу – нағыз өнер. Сонымен бірге газ баллонын қауіпсіз жерде сақтап, пайдалану керек. Бұдан бөлек түрлі компьютерлік техникалар арқылы арнайы шарларды дайындау барысы мұқият қадағаланады. Жаным қалаған кәсіппен айналысып жатқаныма небәрі бір ай болды. Тапсырыс біршама жақсы. Қазіргі таңда туған күндерге, баланы перзентханадан шығарып алуға, қыз ұзатуға, тұсаукесерге арналған бұйымдарды дайындап жатырмыз, – дейді жас кәсіпкер Аружан Қожабай.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: