Биыл «қылмыстық құқықбұзушылық картасына» 2857 қылмыстық іс тіркелген. Олардың басым көпшілігі Қызылорда қаласына тиесілі. Бұл карта 5 жылдан бері жүйелі түрде жұмыс істеп келеді.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жасаған Картаға Қызылорда қаласы, 7 аудан орталығы және облыс аумағындағы 259 елді мекен толық енгізілген. Комитеттің Қызылорда облысы бойынша басқармасының аға прокуроры Әділ Қалыбековтың айтуынша картаны қолдану қоғамдық орындарда қылмыстарды азайтуға мүмкіндік береді.
Қазір әлемнің көптеген елдерінде қылмыстық істер статистикасы картада бейнеленеді. Дәл осы түрінде бұл ақпаратты қабылдау жеңіл әрі қажетті ақпаратты жылдам алуға, қалалардың, аудандардың қауіпсіздік деңгейін салыстыруға болады. Кез келген адам Комитеттің Qamqor.gov.kz порталына кіріп, барлық қажетті ақпаратты ала алады. Айта кету керек «Qamgor» ақпараттық сервисіне соңғы аптада 46 731 қаралым жасалған.
«Картада қылмыс жасалған жер, уақыт пен қылмыс түрі көрсетіледі. Онда қылмыстың 60 түрі көрсетілген. Сонымен қатар аймақтағы қылмыс динамикасын және сол ауданда қылмыс қаншалықты екенін білуге болады. Сонымен қатар полиция жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында жергілікті полиция қызметі патруль жүргізу бағыттарын құрудан немесе түзетуде Картаны пайдаланатынын атап өту керек. Осы Картада полицияға немесе басқа да органдарға тиісті шаралар қабылдау үшін арыз беруге болады», - деді Әділ Ыждахатұлы.
Картада көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықтардың 33% ұрлық қылмыстары (931), 20% алаяқтық қылмыстары құрайды (585). Қылмыстық құқық бұзушылықтарды санаттарына бөліп қарайтын болсақ, онша ауыр емес қылмыстар-429; ауырлығы орташа қылмыстар- 1209; ауыр қылмыстар-793; аса ауыр қылмыстар саны-37.
Аумақтығы қылмыстың ахуалына қарай аталған картада қызыл, сары, жасыл түске бөлініп көрсетіледі. Сонымен қатар, картадағы сілтемеге кіру арқылы қаладағы және аудандағы учаскелік полициялық бекеттерді және бейне бақылау камерасы орналастырылған жерлерді көруге болады.