Ойда жоқта олардың ортасына келіп қалған ұлттық өнер десе, ішкен асын жерге қоятын Өз-ағаң, Өзбекәлі Жәнібеков бірден ақындардың пошымдарына назар аударады. Сөйтсе, жетпіске келіп қалған ақын апамыз сәукелесімен қос етек көйлек киіп, көлбеңдеп жүріпті. Мұны жақтырмаған Өзағаң: «Он сегіз жасар қыздар киетін көйлек киіп, жетпіске келген қария-ау, сізге не болды?» – дейді салған жерден. Оңтүстіктіктегі ақындардың көшін бастап жүрген адуынды ақын апамыз болса, өкпелеген кейіпте сыртқа шығып кетеді. Дәстүрлі өнерді жан-жақты зерттеп, ұрпақтарына баға жетпес асыл мұра қалдырып кеткен Өзбекәлі Жәнібековтың мұндай өрескел қателікке сын айтқаны, қазақ өнеріне жаны ашығандық еді...