Айбек Тәңірбергенов республикалық жыраулар байқауының жеңімпазы атанды
Сүлейлердің ізі қалған Сыр шаһарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы өз мәресіне жетті.
Жыраулар додасында 13 жыршы бақ сынап, бас жүлдені Қызылорда облысы, Арал ауданының тумасы, жырау Айбек Тәңірбергенов иеленді. Байқаудың қорытындысына орай Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Брифингте жырау, “Парасат” орденінің иегері, “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” Алмасбек Алматов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Елмұра Жаңабергенова, Ұлжан Байбосынова жырау, “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері Майра Сәрсембаева және бас жүлдені қанжығасына байлаған Айбек Тәңірбергенов жыр сайысының қорытындысын саралап, пікірлерін білдірді.
«Бүгінгі өткен Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған республикалық байқау жоғары дәрежеде өтті. Қатысқан барлық жыршы-жыраулар бір-бірінен асып түсті. Калың көрерменнің рухы көтеріліп, ұлттық жырларымыз төгіле жырланды», - деді Алмас Алматов.
Одан әрі Елмұра Жаңабергенова сөз алып: "Ұлттық мұра ешқашан өз құндылығын жойған емес. Қазақтың жыршы-жырауларының ізінен ерген бүгінгі жыршыларымыз соның дәлелі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық байқауда Сырдың тумасы Айбек Тәңірбергенов оза түсіп, жеңіс бұйырды. Осы орайда Сыр елінің халқын құттықтағым келеді. Ұлттық рухымыз асқақтай берсін", - деді.
Әрі қарай Ұлжан Байбосынова шара туралы сүбелі сөз сөйлеп, барша жырауларға өз алғысын білдіріп өтті.
"Байқау жоғары дәрежеде өтті. Бір дастанды толық тыңдап керемет сезімде болдық. Республикалық жыршылар додасына қатысқан барлық қатысушылар бір-бірінен оза түсті. Дегенмен, бақ шаба ма, бап шаба ма демекші бас жүлдеге Айбек жырау ие болды. Барлық ұйымдастырушыларға және көрермендерге алғысым шексіз. Бұндай байқаулар әлі де жалғасын табады деп сенеміз", - деді.
Баспасөз конференциясының соңыңда байқау жеңімпазы Айбек Тәңірбергенов "Баршаларыңызға үлкен алғысымды жеткіземін. Бұл дода мен үшін ерекше болды. Жарты сағат бойы жырлауға мүмкіндік берді. Қазақ көрермендері жыр-дастанға сусындап, көмейінен жыр төгілген жырауларға ыстық ықыластарын білдірді", деп өз ілтипатын жеткізді.
Айта кету керек, республикалық "Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы" атты жыраулар байқауының қорытындысы бойынша бас жүлде Айбек Тәңірбергеновке бұйырса, І орынға Серік Жақсығұлов, ІІ орынға Демеубай Жолымбетов, ІІІ орынға Жәнібек Жақсан, Бөкен Жігерұлы және Бексұлтан Орынбасаров ие болды.