Жетікөлдік Алтынбек Әбдірамановты ауыл жұртшылығы жас кәсіпкер ретінде жақсы біледі. Еңбекқор кәсіпкер ауылдағы жастарды ұйымдастырып, игі іске жұмылдырудың басы-қасында жүреді. Ауыл мешітінің алдына өре салуға бастамашы болған да осы Алтынбек. осындай жақсы істердің жанынан табылатын жанның кәсібі де өрге домалап, маңдай тердің арқасында мерей тұғырында жүр.
«Шалқайып елден сұрағанша, еңкейіп жерден сұра» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Осы тәмсіл Алтынбектей еңбексүйгіш жастарға арналып айтылғандай. Олай дейтініміз, «Нысан ата» шаруа қожалығының төрағасы ауыл маңынан бақшалық жер ашып, ерте көктемнен сонда еңбектенді. «Егінші жылда арманда» дегендей, бақша дақылдарын егіп, оның күтімін жасады, мезгілімен суарды, шөп-шаламды отады. Бейнеттенген жан еңбегінің берекесін көретіні анық. Алтын күзде ол еккен егіннің өнімдерін жинап, оны халыққа, қызылордалықтарға қолжетімді бағада сатуда. Дәл осы мезетте қауын-қарбызға деген сұраныс жоғары. Сондықтан жас кәсіпкер бақшалық жерден шыққан өнімдерден пайда табуда. Осы тұста, ол жетікөлдік 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Ауылдың жері егін, бақша дақылдарын егуге қолайлы. Сондықтан осы төңірекке бақша дақылдарын егумен айналысатындар жетерлік. Біз де ерте көктемнен 4 гектар жерді ашып, еңбектеніп келеміз. Күзгі өнім жаман емес. Оны халыққа арзан бағада ұсынудамыз. Жалпы, алдағы уақытта шаруа қожалық жұмысын жандандыра беретін боламыз. Келер көктемде мал азығы болатын жоңышқа егу жоспарда бар, – дейді жас кәсіпкер.
Мұнан бөлек, А.Әбдіраманов мал шаруашылығымен де айналысады. «Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы 3 млн теңге несие алып, мал басын көбейту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ жетікөлдік кәсіпкер мал бордақылаумен де айналысады.