Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Мемлекет қолдауы кәсіпкерлер қатарын көбейтуде

Бүгінгі таңда еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамыту күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы. Кәсіпкерлік саласы жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде шешуші фактор болып табылады.
Соған байланысты өңірімізде шағын және орта бизнес нысандарының қатары жыл санап артып келеді. Осы орайда, мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланған қызылордалықтар жеке кәсіптерін ашып, жұмыссыздар санын азайтуға үлес қосуда.
Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жұмыстар Қызылорда облысында  жүйелі түрде жүргізілуде. Кәсіпкерлікті қолдау мен жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде бірқатар нысандар ашылып, бизнес өкілдерінің саны артып келеді. Осыған орай, жеке кәсібін ашып, тұрғындарды сапалы өнімдермен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлердің бірі – Қожантай Бибігүл.
Кәсібін 2019 жылы ашқан кәсіпкер бүгінде жартылай фабрикат өндірісімен айналысып келеді. Алдағы уақытта «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымынан өндіріске қажетті жабдықтар мен жүк автокөлігін алу үшін жеңілдетілген несие алуды жоспарлауда.
Кәсіпкердің басты мақсаты – облыс тұрғындарына сапалы өнімдер өндіру арқылы,  кәсіпкерлік саласының дамуына өз үлесін қосу.
Қазіргі таңда, аталған кәсіпорын 10-15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда күніне 150 кг өнім өндіріледі. «Тұтынушылардың сұранысына орай алдағы уақытта өнім түрлерін көбейту жоспарда бар», – дейді кәсіп иесі. 
Мінекей,  өңірлік кәсіпкерлер үкіметтен шағын және орта бизнесті  дамытуға көрсетілген  көмекті  ұтымды  пайдалануда. Олар  мемлекет  қолдауының арқасында табыстарының еселене түсеріне де бек сенімді.
Иә, ел игілігі үшін жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігі мол. Өйткені, осындай жер-жерлерде жаңа кәсіпкерлік нысандары мен жұмыс орындарының ашылуы сол елдімекеннің экономикалық өсіміне септігін тигізеді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: