Заман алға озып, ел жадындағы тарихи тұлға көмескі тартып, оқиға елеске айнала бастағанда, әуелдегі әңгіме халықтың көркемдік талаптарына түсіп, өзгеріске ұшырап, аңыз ретінде айтылатыны жасырын емес. Бұл орайда «Қырымның қырық батыры» топтамасына енетін эпостық жырдың бірі – «Абат батыр» жырын мысалға алуға болады. Сондай-ақ Абат батыр жайында ел аузында аңыз-әңгіме түрінде көп айтылады. Бұған менің «Қолтаңбам қалар артымда» атты кітабымдағы («Жиенай» баспасы. 2016 ж.) «Аңыз желісі – ақиқат өзегі» айдарымен берілген «Абат батырды қалмақтардың сынауы», «Абат батырды жайын жұтқан ба?» деген ел аузынан жазылып алынған деректі аңыз дүниелерімді қосуға болады.
Ал Мұрын жыраудың (Батыс қазақстандық) «Абат батыр» жырында ел бостандығы мен тәуелсіздігі үшін шайқаста Абат батыр жекпе-жекте қарсыласы қалмақ батыры Қайбарды өлтіруі эпостық сарында суреттеледі. Бір өкініштісі, жыр толық сақталмаған екен. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Асайын Ханкелдіұлы үзік-үзік күйінде қағазға түсірген де тапсырған. (Қазір бұл нұсқа ҚР Ғылым академисы ОҒҚ қорында сақтаулы. (830 папка). Бұдан басқа Абат батырдың ерлігі туралы «Асан қайғы. Тоған. Абат» жырында да айтылады. Мұнда Тоған Асан қайғының інісі, батыр ретінде баяндалады.
Бірақ бұл жерде менің айтпағым, Абат батырдың ерлігі жайлы емес, оның кездейсоқ қазаға ұшырауы жайында. Батырдың ұл баласы болмағандықтан, жаудан екі баланы алып келеді. Мұндағы ойы жалғыз Тұрсынбике («бике» деген сөз кейін қосылған болуы мүмкін) қызына аға-іні болсын деген. Келгесін біреуінің атын Жақсықылыш, екіншісіне Жаманқылыш деп (Бұл қылыштың күшімен келгенін білдірсе керек) ат қояды. Өсе келе балаларға ес кіріп, сырттан екенін біліп түсініседі. Және де біреуі Тұрсынбикеге көңілі ауып, ғашық болады. Мұны Абат батыр естісе жақсы болмайтынын біледі де, үшеуі бір түнде тұлпарларымен қашады. Ертеңіне барып білген Абат батыр қызын алып қашқандардың ізіне түсіп, ол кезде айнала су болғандықтан, көп ұзамаған оларды ашумен әр таудың (төбенің) жанына келгенде садағымен атып өлтіреді. Міне, қазір сол төбелер Жақсықылыш, Жаманқылыш және Тұрсынбике деп аталады.
Мұны естіген Асан қайғы ұлын кінәлі деп танып, бір кешірілмес жазаға балаған. Яғни, әулие адамның назасы босқа кетпей, Абат батыр Жақсықылыш өзегінің, Көкдомбақ тұсында жорыққа аттанып бара жатып, тұлпарын суғарып (тұлпарлар кешіп барып, таза жерден су ішеді) тұрғанда алып жайын жұтқан екен деген аңыз бар.
Бұл аңызды жазбастан бұрын әкем Жаңбырдан, басқа да көнекөз қариялардан сұрастырып, көңіліме түйіп жүргенмін. «Әр нәрсе сәтімен» демекші, сәті келіп жарыққа да шықты.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары аудандық тарихи-өлкетану музейінің жұмысында бір тыным болмады. Мен онда музейдің ғылыми қызметкерімін. Аудан әкімдігі ананы-мынаны сұрайды. Ауызша жауап беріп қоймайсың, тіртінектеп, нақты фактімен жазып бересің. Оның үстіне, сол кезде аудан бізге қолөнер шеберлерімен жұмыс жасауды мықтап тапсырып қойған, олардың жасаған бұйымдарын алып, аудан, облыстық көрмелерге де, тіпті орталықта жиын өтсе де жүгіріп жүргенің. Міне, осындай сәттердің бірінде ағаштан ою оюдың шебері, әкелі-балалы Молдахмет пен Бисембай Дүймановпен етене таныстым. Кейін олардың өнері туралы плакатын да шығардым. Молдекеңнің аздап шежірешілігі де бар еді. Сөз реті келгенде одан:
–Молдеке, Абат батырды жайын жұтқан ба? – деп сұрадым да Ол:
–Рас, менің құдай қосқан қосағым бала үстінде ауырып, кейін аурушаң болды. Ем-дом, апармаған әулие-баба төбелері қалмады. Ол кезде автобазада шофермін. Автобаза диспетчері берген жолдамаға, барған жерімде жағдайымды айтып бір-жар күн создырып алып, сен айтқан Абат батырдың жатқан қорымын іздеп, «Көкдомбаққа» дейін барғанмын, – деген. Сол арада қасымызға адамдар келіп, сөйлесе алмағанбыз. Әйтсе де:
–Қағазға түсіріп, нақтылап жазып берсеңіз, – дегенмін.
Бірақ Молдекең аяқ астынан ауырып, қайтыс болып кетті.
Енді мына қараңыз! Осыдан жиырма жыл бұрын музейдің жанындағы балалар кітапханасында отырып, жазушы Құрал Тоқмырзиннің «Байтақ» атты роман-кітабының біраз беттерін шолып, оқып шықтым. Өйткені Ақтөбе облысы, Қобда ауданындағы «Абат-Байтақ» деген күмбезді кесененің мәнісін түсіну еді. Абат батыр егер сол болып шықса, ал Байтақ қандай адам болған деген сияқты. Оқып көрейік, онда ...жазық далада «Байтақтың тамы» деген ежелгі ескерткіш тұр. Әлі күнге алыстан «мен мұндалап» көрінеді. Биік, сәулетті–деп айтады да, ертеде, өте әріректе болу керек, бай ма, батыр ма, әйтеуір біреуге қойылған деп дүдәмал келтіреді. Өйткені заманның ағымына байланысты аты ұмыт бола бастағанын осы жерден аңғаруға болады.
Жазушы сондай-ақ кейіпкердің аузына Абатты салып:
–Асан қайғының жалғыз ұлы Абат батырды таң алдында тәтті ұйқы үстінде қарақұрт шағыпты дейді-ау! – депті.
Сонымен не керек, ...Асан атамыз аузына дүйім ел қараған ақылды адам. Ел-жұртты жолдан қаңтарып, жалғыз баласының азасын күйттеп отырмаған. «Әу, баста-ақ өзекті жанға бір өлім» деп, жарық дүниеге келген пенде жалғанмен қоштасты. Онда тұрған не бар? Бірақ қанша дегенмен батыр ғой. Халқына азды-көпті еңбегі сіңіп еді» депті Асан ата. Асын беріп, басын қарайтып кетелік деген сөз айтыпты-ау сабазың. Жалпыға қадірлі дана қарттың сөзін қағып алған жандар әр тұсқа ат шаптырыпты. «Көшкін ел жолдан қалмасын жерленген бойда басын қарайтып кетелік! Ол үшін әр түтін иесі бір кірпіш илеп, күйдіріп әкелсін» деп елге сауын айтыпты.
Ол уақытта атақты адам қайтыс болса, жылқының қылын қосып, биенің саумалына илеген шикі кірпішті жер ошақтағы отқа күйдіру дәстүрі бар екен дейді. Абат батырға да ел сондай кірпіштен там соққан. Міне, содан бері талай ғасыр өтсе де, қалың елдің күшімен салынып, «Байтақ» тамы аталған Абат батырдың күмбезі әлі күнге асқақ тұр. (Қ.Тоқмырзин. «Байтақ» романы, 1990 жыл).
Роман – көркем әдебиет. Суреттеу басымдау болады. Егер жазушы Қарақобданың суына тұлпарын суарып тұрғанда алып жайын құйрығымен қағып өлтіріпті десе бір сәрі. Сонда, аңыз сол жақтан шыққан екен-ау» деп сенер едім. Енді міне, бір аңызды, яки айтқанда «арбаны шортан көлге, аққу көкке тартқандай» оқырманымнан қымтырылып жүр едім.
Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына байланысты «Рухани жаңғыру» жолымен «Егемен Қазақстан» мен «Казправда» газеттері бірлескен экспедициясы Ақтөбе облысында болып, Ойыл, Жемнің бойындағы қазыналарды аралап көргенде ойым орнына түсті. Олар Абат-Байтақ деп аталатын кесенені көріп, өз ойларын білдірді. Яғни, кесене орта ғасырлық ескерткіш болып шықты. Мұнда Жошы ханның баласы Батудың немересі (немере інісі де болуы мүмкін) Байтақ әулие мен әйелі жерленген («Егемен Қазақстан». Ойыл, Жемнің бойындағы қазына. 7 қыркүйек 2021 жыл).
2006 жылы археологтар кесене ішіне қазба жұмыстарын жүргізгенде, төрден сахна етіп өріліп, арша ағашынан жасалған табыттан мұсылманша жерленген ер адамның сүйегі табылды. Оң жағынан басы сегіз қырлы асатаяқ пен ет салатын үлкен ағаш табақ табылды. Асатаяқтың басы темірден, сабы ағаштан жасалған. Оба ХХ ғасырдың басында тоналған. Жанындағы обада әйел жерленген. Мүрде жанынан жүннен тоқылған белдемше қалдықтары табылды. Кесененің босағасына жерленген адам қызметшісі болуы мүмкін екендігін анықтаған екен.
Мұнда Асан қайғы абыздың баласы Абат батыр жерленген деген нұсқа 1980 жылдары шыққан екен. Осы жердің тұрғылықты қариялары бала кездерінен Байтақ әулие деп есітіп келгенін айтады.
Арал бойындағы бір аңызда атын суарып тұрған Абатты судан шыққан алып жайын жұтқан (мұнда құйрығымен қағып өлтірген деп те айтылады) деген аңыз бар. Сондықтан экспедиция мүшелері "Абат батыр бұл жерде емес, Арал өзегінің бойында өлген болып шығады" деген ойларымен түйіндепті.
Менің ойымша, сол 1980 жылдары Қобыланды батырды зерттеп жүргенде атаққұмарлар мен жағымпаздар тобы «кім біледі» дейсің деп, Абат батырды Байтақ әулиеге тели салып, қосып жіберген сияқты. Осы маңайда Абат батыр болды, жерленді деген бірде-бір сөз шықпаса да. Өктемдік қой!
Қашанда аңыз түбі – ақиқат. Солай болып шығады.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
өлкетанушы-журналист