«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңір кәсіпкерлерінің жобаларын жеңілдетілген 6 пайызбен несиелендіру шаралары жалғасуда.
Биылғы жылы бағдарлама аясында өңір кәсіпкерлерінің 617 жобасы 2498,3 млн. теңге жеңілдікпен несиелендірілді. Оның ішінде, тек Қызылорда қаласының 62 кәсіпкері 661,5 млн.теңгеге қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бағдарлама аясындағы шағын несиелер Қызылорда қаласының кәсіпкерлері үшін 18 млн.теңге шамасында 5 жылға жылдық 6%-бен ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы беріледі.
Бағдарламаға зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыссыз адамдар, жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар, жас және табысы аз көп балалы отбасылардың мүшелері, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың мүшелері, шаруа және фермер қожалықтары қатыса алады.