Төретамда бес қабатты тұрғын үйдегі өрттен 13 адам эвакуацияланды
Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Төретам кентінде бес қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 13 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Қармақшы ауданына қарасты Төретам кентіндегі бас қабатты тұрғын үйде болды. Аудандық өрт сөндіру бөліміне бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқан екі бөлмелі пәтер жанып жатқаны туралы хабарлама түсті.
«Аталған шақырту бойынша оқиға орнына 8 өрт сөндіру бөлімі жедел жетті. Барлау жұмыстары нәтижесінде пәтер ішінен сыйымдылығы 50 литрлік бір дана, 3-қабатта орналасқан № 50 пәтерден сыйымдылығы 27 литрлік екі дана газ баллоны шығарылды. Оқиға барысында 13 адам эвакуацияланды. Оның 7-і бала. Адамдар аман», - деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.