Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі «Парыз» республикалық конкурсы мен ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығымен марапаттаудың 15-ші мерейтойлық рәсімі өтті.
«Парыз» республикалық конкурсы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін» 4 номинациядан және «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы жобадан тұрады. Номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтау үшін Еңбек министрлігімен арнайы жобаларды іріктеу өлшем шарттары (критерий) бекітілген. Әрбір номинацияның өз іріктеу өлшем шарттары айқындалған және деңгейіне қарай ұпаймен есептеледі.
Ағымдағы жылы «Парыз» республикалық конкурсына қатысуға облыс бойынша барлығы 24 өтінім түсті. Байқау нәтижесімен «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша қызылордалық «KAP Technology» ЖШС «Парыз» сыйлығының күміс мүсінімен марапатталды.
«KAP Technology» ЖШС-нің негізгі қызметі кәсіпорынның бизнес-процестеріне заманауи технологияларды енгізе отырып, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ холдингінің негізгі қызметін автоматтандыру, роботтандыру және цифрландыру болып табылады. Серіктестік құрамында Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалаларында және Таукент, Қыземшек, Шиелі елді мекендерінде орналасқан алты аумақтық бөлімше бар.
Сондай-ақ, іс-шара барысында ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыстау рәсімі өтті.
Биылғы жылы конкурсқа қатысу үшін Қызылорда облысының атынан 4 кәсіпорын – «Абай Дәулет» ЖШС, «Алтын Орда» ЖШС, «МИР-2001» ЖШС және «Сана сезім» ЖШС – өтінім берді.
Нәтижесінде «Абай Дәулет» ЖШС және «Алтын Орда» ЖШС «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары атанды.
«Абай-Дәулет» ЖШС «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауылшаруашылық өнім шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясында үздік атанды. Компанияның директоры Мұрат Сәрсенбаевқа сыйлықты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов табыстады.
Компания өз жұмысында Сапа менеджменті жүйесіне, Тамақ өнімдері қауіпсіздігі менеджментіне сәйкестік сертификаттарын басшылыққа алады және осы стандарттардың барлық сапалық талаптарын орындайды. «SYR DANI» брендімен күріш жармасы ел ішінде жоғары сұранысқа ие және Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Украина, Тәжікстан елдеріне экспортталады.
«Алтын орда» ЖШС «Халыққа арналған тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясында «Шағын кәсіпкерлік субъектісі» санатында жеңіске жетті. Компанияның директоры Рахымжан Ералиевке марапатты ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр табыстады.
«Алтын Орда» ЖШС - қарқынды дамып келе жатқан қазақстандық кәсіпорын, нарықта «Ассоль» және «Safia» брендімен йодталған ас тұзын өндіруші ретінде танымал. Сондай-ақ, компания Қызылорда қаласындағы қоймалық жылжымайтын мүліктің ірі меншік иесі болып табылады. Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттарының қатарына ас тұзын өндіру және сату, көтерме және бөлшек сауда, үй-жайларды жалға беру қызметтері жатады.
Айта кетейік, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс 2006 жылдан бастап жыл сайын өткізіледі. Сыйлық ұйымның өнімдер мен қызметтердің сапасы, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгені, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізгені үшін беріледі.
Президенттің «Алтын сапа» сыйлығымен марапаттаудың 15-ші мерейтойлық рәсімі аясында «Іскер» сыйлығы мен «Бизнес Кемелділік» – «Іскерлік кемелдік» конкурстарының номинанттарына, сауда және интеграция министрлігінің «Үздік сынақ» ынталандыру сыйлығы, «АруАна» сыйлығының және Qazaqstan Project Management Awards-2021 ұлттық конкурсының гран-при иегерлері марапатталды.