Бүгін Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ветеринариялық ұйымдарға жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстады.
Аймақ басшысы салтанатты шараға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, өңірдің эпизоотиялық ахуалын сақтауда және тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринариялық ұйымдардың еңбегінің орны ерекше екенін тілге тиек етті.
Ұйым мамандарына көлік кілтін табыстау рәсімінен кейін, ветеринария саласының ардагері Байғабыл Пірманов батасын берді.
Айта кетейік, 15 қызметтік көлік қала мен аудандарға жөнелтіледі. Атап айтқанда, Арал ауданына 4, Қазалы ауданына 1, Қармақшы мен Жалағаш аудандарына 2 автокөлік, Сырдария мен Шиелі аудандарына 1 автокөліктен, Жаңақорған ауданы мен Қызылорда қаласына 2 көлік пайдалануға беріледі. Келер жылы да ветеринария саласының материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыны арттыру көзделіп отыр. Яғни, 2022 жылы 30 автокөлік, 140 компьютер, 140 дана термочемодан алуға қаржы қаралды.
Мұнан бөлек, жыл басынан бері облыс көлемінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында ауру ошақтарын болдырмау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 15 түрлі жұқпалы аурудың алдын алу үшін республикалық бюджет есебінен 6 млн. доза, сондай-ақ энзоотиялық ауруларға қарсы облыстық бюджеттен 226,5 млн. теңге бөлініп, 625,1 мың. доза препараттар алынып, ветеринариялық іс-шаралар толық жүргізілді. Бүгінде атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде аймақтағы эпизоотиялық ахуал тұрақты болып отыр.