Facebook VK WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Роза Бағланованың мерейтойы республика көлемінде тойланады

Биыл Қазақстан және КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы, Сыр елінің тумасы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтпек. 
Осыған орай шаһарда Роза Бағланованың ескерткішінің ашылу салтанаты мен жыл көлемінде әншінің шығармашылығына арналған ауқымды шара өткізілмек. Сондай-ақ, облыста жыл бойына өткізілетін мәдени шаралар легі көбейеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов хабарлады.
- Жыл көлемінде қазақ өнерінің біртуар азаматтарына арналған ауқымды іс-шаралар басталмақ. Соның бірі – ақпан айында ғазиз ғұмыр иесінің 100 жылдығына орай «Дала қызғалдағы» атты Роза Тәжібайқызына арналған концерт өткізіледі. Ал сәуір айында «Ақмаңдайлым» атты республикалық байқауы мен қазан айында туған жері Қазалыда «Іңкәрім-ай» атты аймақтық әншілер конкурсы ұйымдастырылады. Сонымен бірге, Сыр сүлейі, жырау Базар Оңдасынұлының 180 жылдығына арналған «Құмарын тарқат алқаның» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы мен «Базар жырау шығармашылығы рухани құндылықтар» атты ғылыми-танымдық конференциялар өткізу жоспарлануда. Күйші Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдығына арналған «Дәуірлер бейнесі домбыра үнінде» атты республикалық күйшілер байқауы, Жаңақорған ауданында Әлшекей атындағы ұлт аспаптар оркестрінің концерті және «Күй абызы – Әлшекей» атты облыстық ұлт-аспаптар оркестрінің байқауы жыл бойына өтетін болады. Әнші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шөкеновтің 60 жылдығына орай әншінің шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында «Отан Ана» атты республикалық жас орындаушылар байқауы мен гала-концерт дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Биыл облысымыздағы кәсіби өнер ұжымы облыстық филармонияға 50 жыл. Осыған байланысты қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт және филармонияның өнер ұжымдары мен жеке орындаушылардың концерттері жоспарға енгізілді, - деді Асқарбек Есжанов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Сол себепті балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында облыс кітапханалары оның ішінде балалар кітапханалары балаларға арналған жаңа әдебиеттермен толықтырылады.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: