Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Адам жақсы ісімен көрікті

Мектеп қабырғасында бірге оқыған досымыз Сәтбай Рахатов өмірден өтті дегенде өзегімізді өкініш өртеді. Алыстан қалған балалық шақ көз алыдымыздан көлбеңдеп өте шықты. Сәтбай Зайыр көкеміз бен Жұпар апайдың отбасында төртінші бала болатын. Біз Қызылорда облысының Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында (бұрынғы Ленин совхозы) дүниеге келдік.


Сәтбайдың отбасы білімге құштар жандар еді. Әкесі – Зайыр соғысқа қатысып келген майдангер болса, анасы – Жұпар бастауыш сыныпта сабақ берді. Аяулы жан ауылдың бүкіл баласына алғаш рет әріп үйретіп, өмірден өз жолын табуына бағыт-бағдар берді. Отбасында көрген тәрбиенің әсері шығар, шаттығы шалқыған шаңырақтан талай білімді азаматтар шықты. Сәтбайдың аға-апалары, інісі де математика ғылымын шебер меңгерді. 
Балғын балалық шақтағы мына бір оқиға әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Ол кезде оныншы сыныпта оқимыз, алгебра сабағы болатын. Бізге алгебрадан  Сәтбайдың үлкен апайы – Дәмеш дәріс беретін. Сол күні барлығымыз сабақ орындамай келген секілдіміз. Тақта алдында сүмірейіп тұрмған жайымыз бар. Апайымыздың ашу-ызасы келіп тұрғаны түрінен байқалады. Бір сәтте Сәтбайға қарап:
– Рахатов, шық тақтаға! - деді.
Тақта алдына барғаннан кейін Сәтбай да «Мен сабаққа дайын емеспін!» деді. Ашуға әбден берілген Дәмеш апай жанына жетіп барды. Шапалақпен жағынан салып қалды. Шапалақтың дауысы қатты шықты. Сүмірейіп тұрған біз қорыққаннан бүкірейіп қалдық.
– Басқа, басқа сенің сабаққа дайындалмай келгенің не деген сұмдық!  Білмесең сұрамайсың ба менен? Шығар тез, есепті тақтаға! – деп ұрысты.
Шындығында, Сәтбай есепті шемішкедей шағатын. Бірақ айналасындағы біз секілді достарынан аспайын деген ниеті байқалды. Соның салдарынан есеп шығармадым деп таяқ жер қалды. Оған әлі күнге дейін таң боламын.
Сол сәтте Сәтбай тақтаға есепті сартылдатып шығара жөнелді.  Біз оны дәптерімізге көшіріп жаттық. Байқасаңыз, Сәтбайдың бала жасынан осылайша достыққа адалдығы, тазалығы, шынайылығы аңғарылды. Ол өте сыпайы, тәрбиелі болатын. Қанша жыл бойы бірде-бір рет оғаш қылық көрсеткенін байқаған емеспін. Кейіннен бәріміз мектеп бітіріп, жан-жаққа оқуға түсіп кеттік. Тұрмысқа шықтық, отбасылы, балалы болдық.
Әлі есімде, Сәтбай үйленгенде ауылда үлкен той болды. Бізді Дәмеш апай шақырып алып «Құрдастарыңның тойын өздерің жүргізіңдер» деді. Тойдың тамаша өткені шығар, келген қонақтардың барлығы ризашылығын білдіріп жатты. Айта кеткеніміз абзал, қатар оқыған қыз-жігіттер бір-бірімізге шынайы болған едік. Қашанда бір-біріміздің жетістігімізге қуандық. Сырттай тілекші болдық. Тұрмағанбет ауылының 1966 жылғы қыз-жігіттері осындай қасиетімен ерекшеленетін. 
.. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөзі рас. Қарапайым ауылдан шыққан қағылез ұл жастайынан білімге құштарлығын көрсетті. Алдымен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалын бітірді. Одан кейін Мәскеу қаласындағы В.П.Горячкин атындағы ауыл шаруашылығы өндірісі инженерлері институтының (қазіргі агроинженерлік университеті) аспирантурасында білімін шыңдады. Осылайша ғылым жолына түсіп,  кейіннен техника ғылымдарының кандидаты атағын қорғап шықты. Ал беріде Алматы қаласында «Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру» ғылыми-өндірістік орталығында ғалым докторы атанды.
Сәтбай еңбек жолын 1990 жылы Ы. Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтында бастады. Ол қазір Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті аталады. Жоғары оқу орнында «Машина-трактор паркін пайдалану» кафедрасының аға оқытушысы қызметіне қабылдандған ол 1996-1999 жылдарда аталған кафедраның меңгерушісі болды. Одан кейін 1999-2004 жылдарда факультет деканы атанса, 2005 жылдан қайтадан бұрынғы кафедрасына басшылық жасады. Ұзақ жылдар бойы жастарға «Машина пайдалану және Автокөліктерді пайдалану» тақырыбында дәріс берді. 
Сәтбай жастарға үнемі ақыл-кеңесін аямайтын. Ғылым жолына қадам басқан көптеген азаматтарға жол көрсетті. Нәтижесінде 3 ғылым кандидатын дайындап шығарды. Ал 4 ғылым кандидатының жұмысына бағыт-бағдар берді. Одан кейінгі уақытта 2 аспирант пен 5 ізденушіге жетекшілік жасады. Еселі еңбектің арқасында 2004 жылы «ҚР ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2007 жылы ҚР «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. Өзінің ғылым жолында 2 кітап, 10 оқу-әдістемелік құрал, 100-ден астам мақала, 7 өнертапқыштық жобаға авторлық және алдын-ала патент алды.
Әрине, біз Сәтбайдың өмір жолын үш-төрт ауыз сөзге сыйдыра алмаймыз. Оның ғылым жолындағы ізденістері мен еңбектері оңайлықпен келген жоқ. Бұл бағытта ғибраты мол ғалым сан жылдар бойы рынымсыз тер төкті. Оның қиын жолын өзі ғана түсініп, өзі ғана білер. Сәтбай тәрбиелеп шығарған азаматтардың алды ғалым болып, ұстаз еңбегін толықтай ақтап шықты.
Ол отбасында туғанына қимас бауыр, құдай қосқан қосағына аяулы жар, балаларына асыл әке бола білді. 
Сәтбайдың өмірден өткенін естігенде бірден есіме ұстазым – бауыры Дәмеш апай түсті. Ол кісіге заманауи құралдармен арнайылап апайға көңіл айттым. Елге барғанда олардың шаңырағына кіріп шығамын.  
Иә, қашанда адамгершіліктің биігінде тұрған досымыздың аты өлмейді. Қазақта «Жақсының ты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген ғибратты сөз бар.  Бұл нақыл – Сәтбайдың ғибратты өмір жолына айтылған сөз деп санаймын.
 
Ләйле ДӘУЛЕТ,
«Алтын Алқа» иегері, Алматы қаласы,
Әуезов ауданына қарасты көпбалалы жанұялар одағының мүшесі.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: